Су тасқыны кезінде өңірге Астанадан 68665 әскери бөлімінің 312 сарбазы көмекке келді. Табиғи апатпен күресте өз міндеттерін абыроймен атқарған әскерилерді бүгін Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғындары мен Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бар сән-салтанатпен шығарып салды.


8 сәуір күні Астанадан келген Қарулы күштердің 68665 әскери бөлімінің 312 сарбазы өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене ат салысты. Олар Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы "Парасат" мектеп-лицейінің спорт залында орналасқан болатын. Әскери қызметшілер осы елді-мекенге үлкен қауіп төндірген тасқын судан тұрғындарды қорғауға бар күшін салды. Солардың қатарында Нұрдаулет Әбдірахымбай бар. Ол Тараз қаласының тумасы. Айтуынша, тасқын сумен күрес кезінде Бескөл ауылының тұрғындары мен жергілікті билік өкілдері оларға ерекше ықылас танытып, барлық жағдайын жасауға тырысқан.


НҰРДАУЛЕТ ӘБДІРАХЫМБАЙ, 68665 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ САРБАЗЫ:

- Осы төтенше жағдай уақытында 8 сәуір күні көмектесуге Бескөл ауылына келіп тоқтадық. Бескөл ауылының тұрғындарымен үлкен нәтижелі іс атқардық. Осы Бескөл ауылының тұрғындарына айтарым тек рахмет. Бізді тамақпен, керек-жарақтармен қамтамасыз етті. Жергілікті әкімдікке, Парасат лицейінің ұжымына алғысым шексіз.


Сақадай сап түзеген сарбаздар бүгін үйлеріне қайтуға дайындалып жатыр. 16 күн бойы олар тасқын сумен күресуге және оның салдарын жоюға ат салысты. Бүгін әскерилерді салтанантты түрде шығарып салуға және алғыс білдіруге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметовте келді.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Қайырлы күн құрметті офицер мырзалар, сарбаздар. Сіздерге су тасқынымен күресте көмек көрсетіп, елге келіп көмектескендеріңізге зор алғысымды білдіремін. Халықпен бірге болып осынау қиын уақытта бізге көмекке келдіңіздер. Адамдар мен бірге бөгеттер салып, жұмыстар атқарқандарыңыз үшін көптен көп рахмет айтамын. 


Бұдан кейін өңір басшысы 68665 әскери бөліміне өзінің және өңір тұрғындарының атынан естелік сыйлық табыс етті және Отан алдындағы борышын өтеп , әскери қызмет мерзімі аяқталған 51 сарбазды алғыс хатпен марапаттады.


Салтанатты іс -шарадан кейін сап түзеген сарбаздар жаяу маршпен өтті. Ал Бескөл ауылының тұрғындары әскери қызметшілерге алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді.


Ұлан Ыдырыс