Петропавлда Банк және полиция қызметкерлері зейнеткерді интернет алаяқтардың құрығына түсірмей, шотындағы ақшасын сақтап қалды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бейнематериалына назар аударайық.


Петропавлда банк қызметкерлері шотындағы барлық жинаған ақшасын шұғыл түрде шешіп алғысы келген зейнеркердің іс-әрекетіне күмәнданып полицияға хабарласқан. Себебі олар қала тұрғынының белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын байқаған. Оқиға орнына бірден тәртіп сақшылары келіп белгісіз адамның қоңырауына өздері жауып берді.


Банк және полиция қызметкерлерінің арқасында интернет алаяқтар өз айлаларын іске асыра алмады. Қала тұрғынының айтуынша алаяқтар полицейлердің атынан қоңырау шалып арам ойларын жүзеге асырмақ болған.


 Интернет алаяқтар қала тұрғынын банк қызметкерлерінен қорғаймыз бар қаражатты өздері ұсынған шотқа аударуға көндірмек болған. Тәртіп сақшылары бұл қазір алаяқтардың жиі қолданатын әдісі дейді.


ӘЙГЕРІМ АШКЕН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ПБ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

- Құқық бұзушылар көп жағдайда тұрғындардың ұялы телефонына қоңырау шалады. Өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырады. Кейін арнайы алаяқтарға қарсы іс-шара өтіп жатыр деп, атыңызға несие рәсімдейді.


Кез келген жағдайда полиция қызметкерлері тұрғындарға шақыру қағазын беріп, аумақтық бөлімшеге шақырады. Осыны есте сақтаған жөн. Мамандардың айтуынша, полиция да, банк қызметкерлері де адамнан шотындағы ақшаны басқа жерге аударуды талап ете алмайды.