23 сәуір - «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні». Осыған орай бүгін облыстық Сәбит Мұқанов атындағы әмбебап ғылыми кітапханада кітап көрмесі мен арнайы конференция өтті.


«Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күні» Халықаралық кітап баспа қауымдастығының қолдауымен 1969 жылдан бері аталып келеді. 1995 жылдың 16 қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 28 сессиясында мереке туралы Қарар қабылданып, 23 сәуір - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күні болып жарияланды. Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі кітап көрмелері мен жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Кітап күні бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада да аталып өтті.


ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП-ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Бүгін 23 сәуір барлық әлем елдері кітап және авторлық құқық күнін атап өтуде. Бізде облысымыздың басты кітапханасы ретінде қалыс қалған жоқпыз. Бүгін біздің кітапханамыздың 2024 жылғы бірінші тоқсанында келіп түскен кітаптардың көрмесін ұйымдастырып отырмыз және «Кітап кеше, бүгін , ертең» конференция өткізгелі жатырмыз. Бұл көрмеге 500 ден астам кітаптар жинақталған.


Бүгінгі іс-шараға қатысып отырған жандардың бірі Іңкәр Мәлібаева. Мамандығы ұстаз. Іңкәр кітап оқуды жақсы көреді. Ол осыған ұқсас көрмелер мен конференциялардан қалмауға тырысады. Айтуынша , кітап күні бұданда ауқымды аталып өтілуі тиіс. Себебі қазіргі таңда жастардың көбі кітап оқымайды.


ІҢКӘР МӘЛІБАЕВА, ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ АТЫНДАҒЫ №25 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҰСТАЗЫ:

- Мен кітапті жиі оқимын себебі өзім ұстаз болғандықтан оқушыларға көп ақпарат жеткізуім керек.Мен конституциялық кітаптарды көп оқимын себебі мамандығым құқық және экономика мұғалімі. Бүгінгі көрмені қарап шықтым көрмедегі барлық кітаптарды маған ұнағаны өмір сыры мектебі атты.


Мамандардың айтуынша, кітапхана оқырмандарының басым бөлігі өзін-өзі дамыту, бизнеске қатысты, психологиялық шығармаларға қызығушылық танытады. Сол себепті де Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қорында алдағы уақытта осындай кітаптардың саны артпақ.