Петропавлда Абай көшесіндегі коллекторДЫ қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, 30 наурыз күні Абай-Алтынсарин көшелерінің қиылысында құбыр жарылып, бірнеше күннен кейін қалада төтенше жағдай жарияланған болатын. Соңғы жылдары бұл коллектор бірнеше рет істен шыққан. Себебі 50 жыл бұрын салынған нысан содан бері жаңартылмаған.


 Жалпы, 1090 метр кәріз құбыры ауыстырылады. Бұл құбыр қаланың бірнеше аудандарын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта дәнекерлеу аяқталып, 1,1 км құбырдың 130 метрі орнатылған. Ертеңге дейін тағы 500 метр тартылып, Назарбаев көшесінде көлік қозғалысы ашылады. Көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріне су кірмеуі үшін 23-24 сәуір күндері аралығында көпқабатты 25 үй мен 12 мекеме-ұйымға су беру тоқтатылады.


СЕРГЕЙ ЛОШАКОВ, «ҚЫЗЫЛЖАР СУ» ЖШС КӘРІЗ ЖЕЛІЛЕРІ УЧАСКЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Ертең міндетті түрде су беріледі. Қазір ауыз суды сөндірмесек адамдар пайдаланып, су жертөлелерін басуы мүмкін. Алдын-алу үшін су беруді уақытша тоқтаттық. Аулаларға су жеткізіліп жатыр. Қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Тұрғындардың наразылығын түсінемін. Алайда, 2-3 күн шыдамдылық танытса барлығы қайта қалпына келеді.