Петропавлдағы М.Жұмабаев көшесіндегі колледж жатақханасы тасқын судан зардап шеккен екі жүзге жуық петропавлдық үшін уақытша баспанаға айналып отыр. Эвакуациялық пункт тұрғындары азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, облыстық қоғамдық штаб өкілдері де келіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.


Қоғамдық штабтың басты мақсаты - тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан берілетін қолдау, әлеуметтік төлемдер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.


ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біз мұнда тұрғындардың өтініштерін білу үшін келдік. Қазір олардың көптеген сұраҒЫ бар. Біз оларды тыңдап, мәселелерін шешуге тырысамыз. Құжаттарды рәсімдеу бойынша сұрақтар көп келуде. Оларға прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жауап беретін болады.