Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен су тасқынының зардаптарын жою жөнінде кеңес өтті. Қазір су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру басты назарда. Тасқынның салдарын жою үшін және қалпына келтіруге келмейтін тұрғын үйлерді бұзу үшін барлық аудандардың әрқайсысынан 5 механикалық бригада мен 8 техника шығарылып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін болады. Айта кетейік, облыста су тасқыны салдарынан 3200-ден астам үй су астында қалған болатын.


Өңірде табиғи апат салдарынан 7 ауданда төтенше жағдай режимі енгізілді. 3 мыңнан астам үй су астында қалып, 14388 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Енді облыста су тасқынының екінші толқыны өтіп жатыр. Мамандардың болжамынша, Петропавлға су бір-екі күнде жетеді.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Су тасқынынан зардап шеккендер уақытша баспана және тұратын жермен қамтамасыз етілді. Олардың барлығына бірретік төлем беріледі. Әлеуметтік төлемге 1 млрд 300 млн теңге бөлінеді. Бұл дегеніміз әр адамға облыс бойынша 100 АЕК көлемінде беріледі. Осы аптаның соңына дейін барлық зардап шегуші бұл қаражатты алмақ.


Тасқын су салдарынан облыста жалпы ұзындығы 5 км болатын 30ға жуық автожол бұзылған. 300-ден астам электрмен жабдықтау бағаны зақымданған. Қазіргі уақытта инфрақұрылдымды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдарды жөндеуге және тазалауға 50 техникасы бар 8 жол-құрылыс ұйымы бекітілген. Олар қажет болған жағдайда қалпына келтіру жұмыстарына тартылатын болады.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Шал ақын ауданында жаңа электр тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Ауданға 200 тірек орнатылды. Жаңажол, Жаңаталап, Кеңес ауылдарына электр желісі толығымен берілді. Басқа да зақымданған электр мұнаралары да тез арада қалыпқа келтіріледі. Сонымен қатар, бірінші көтергіш сорғы станциясы су астында қалып, облыс орталығының тұрғындары таза ауыз судан қиындық көрді. Тасқынның екінші толқыны өткеннен оны қайта қалпына келтіреміз. Кейін Петропавл тұрғындары 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.


Қазір облыста су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру басты назарда.Табиғи апат салдарын жою үшін және қалпына келтіруге келмейтін тұрғын үйлерді бұзу үшін барлық аудандардың әрқайсысынан 8 техника мен 5 механикалық бригада жасақталып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізілетін болады. Ойқала ауданында Петропавлдың 30 бригадасы жұмыс істейді. Бұл ықшам ауданда Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов аудандарының бригадалары да көмекке келмек.Былғары кентіне 4 аудан бекітілді: Есіл, Жамбыл, Шал ақын және Айыртау аудандары. Заречный кентінде М.Жұмабаев, Тимирязев, Ақжар және Мамлют аудандарының бригадалары жұмыс істейді. Ал Аққайың ауданының бригадасы Қызылжар ауданына көмекке жіберіледі.


МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жалпы тасқынның салдарын жоюға облыстың түкпір-түкпірінен барлығы 100-ден аса мехбригада жұмылдырылады.Мехбригаданың құрамында 7 адам болады. Олардың 4-еуі сылақшы, бір электрик, бір тас қалаушы және ағаш ұстасы. Ойқала ықшам ауданына Марат Омаров, былғары зауытына Сергей Мелехов, ал Заречный кентіне Жанат Әміржанов жауапты. Соңғы үйді қалпына келтіргенше жұмыс барысын осы кісілер бақылауда ұстайды.


Мехбригада құрамында келген адамдардың тұратын орындары мен тамақтарына аудандар жауапты болады. Сол себепті де, әкімдер бүгіннен бастап бригада құрамын дайындап, осы аптаның соңына дейін Петропавлға жіберулері керек. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты мемлекеттік органдарға жұмыстарды қысқа мерзімде жүргізуді тапсырды.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Облысқа Тәжікістаннан 16 вагон гуманитарлық көмек келе жатыр. Оның 4 вагоны цемент. Қалғаны киім-кешек пен басқа да қажетті заттар. Осы көмектің барлығы міндетті түрде қоғам белсендірелі, волонтерлардың қатысуымен қажетті,мұқтаж жандарға бөлініп берілуі керек. Қазір әлеуметтік желілерде көптеген теріс пікірлер тарап жатыр осыны бақылауға алу қажет. Және кәсіпкерлер құрылыс материалдарының бағасын жасанды түрде көтермеулері керек.Сіздерге ешкім тегін берсін деп жатқан жоқ. Керісінше, көмектесіп, арзандатылған бағада беремін дегендерді қуана қабыл аламыз.


Сонымен қатар, өңір басшысы су кеткесін, тез арада тұрғын үйлерге техникалық тексеру мен бағалауды жүргізу қажет екенін, оның нәтижелері бойынша залалды өтеу туралы шешім қабылдануы керектігін тілге тиек етті. Петропавл қаласы бойынша 1939 үй су астында қалған. Облыс тұрғындарына бірреттік төлемге 724 млн теңге бөлінген. Әлеуметтік төлемге 1569 адам өтінім берсе, қазіргі уақытта 957 адам өз ақшасын алған.


СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Тасқыннан зардап шеккендерге 2884 адамға шақталған 10 жатақхана беріледі. Қазіргі уақытта 647 адам жатақханаға көшірілді. 425 орын әлі бос. Студенттер демалысқа кеткен соң тағы да орындар босайды. Қазір ойқала ықшам ауданындағы 12 жеке тұрғын үйге техникалық тексеріс жүргізілді. 18 тұрғын үй қоры мен коммерциялық тұрғын үйлерден 197 пәтерлік пул құрылды. Мердігер ұйымдармен тиісті меморандум жасалды. Пәтер бағалары 22млннан аспауы керек. Қаладағы риэлторлармен де келістік. Ал жеке тұрғын үйлерге Солнечный ықшам ауданынан 100 жер участкесі белгіленді.


Су басқан аудандардағы суды сору жұмыстары да күшейтілген режтиде жүргізілетін болады. Аймақ басшысы облыстағы барлық сорғы станцияларын Қызылжар ауданы мен Петропавлға жұмылдыру керек екенін тапсырды. Жиын барысында Қызылжар ауданының әкімі де есеп берді. Ауданда 18 елді мекенде 1485 үй су астында қалған. 8600ден астам адам эвакуацияланған. 100 АЕК көлемінде бір жолғы төлемді қамтамасыз ету үшін 860 азаматқа 317 млн теңге төленген. Қазіргі таңда 70 үйге техникалық қадағалау жүргізілген.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Техникалық қадағалаудан соң бірден жұмысқа кірісіңіздер. Барлық үйлерден, аулалардан су сору жұмыстары жүргізілсін. Егер әр үйге мотопомпа қою керек болса қойыңыздар. Бір елді мекенде 50 үй болса 50ін жұмылдырыңыз. Тез арада қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілсін.


Жиын соңында облыс әкімі барлық аудан әкімдері мен жауапты орган басшыларына су тасқынынан кейінгі жағдайды тез арада қалпына келтіру керек екенін тапсырды.Зардап шеккен тұрғындар күн суытқанша, яғни 3 ай ішінде өз үйлеріне кіру керек екенін де айтты.