Облыста өткен демалыс күндері жалпыхалықтық сенбілік өтті. Бұл іс-шарадан Қызылжар ауданының тұрғындары да қалыс қалмады. Бескөл ауылында саябақтар мен орталық көшелер, тұрғын үйлердің аулалары қоқыстан тазартылды.


Бескөл ауылында осы жылдың алғашқы сенбілігі өтті. Тазалық күніне аудандық әкімдік, мемлекеттік мекемелер қызметшілері мен қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары белсене қатысты.


САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Біз бұған дейін су тасқынмен күреске бар күшімізді салып, бір жұдырықтай жұмылдық. Су кетіп жатыр. Енді, аудан тұрғындары бір адамдай аулаларды қоқыстан тазартып жатырмыз. Су тасқыны кезінде ауыр жүк көліктері жүріп, кейбір жолдарды бұзып кетті. Соларды ретке келтіреміз.


Сенбілікке шыққандардың арасында тек ересектер ғана емес, тазалыққа жаны құмар балалар да бар.


ДАНИЭЛЬ ВАГНЕР, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен бүгінгі сенбілікке өз көмегімді тигізу үшін келдім. Сынған ағаш бұтақтарын жинап жатырмын. Себебі, құрғап қалған бұтақтардың пайдасы жоқ. Ал, басқа ағаштар оның орнына жайқалып өсіп, ауа тазалайды.


Айта кетейік, көктемгі алғашқы сенбілік облыстың барлық аудандарында және ауылдарында өтті.