Тәулік бойы ұйқысыз: полиция, әскери қызметшілер және құтқарушылар өңірдегі ауыл тұрғындарына көмектесуде. Облыстық полиция ведомствосы баспасөз қызметі әзірлеген бейнематериалға назар аударайық.


Қызылжар ауданында Прибрежное ауылымен су тасқынына орай байланыс үзілген. Сондықтан понтон өткелі қолданылып жатыр. Бірер күн бұрын әскери инженерлер Алматы облысынан қалқымалы тіректері бар понтондарды жеткізді. Осылайша ауылға қажетті керек-жарақ, техника, мал азығы жеткізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері де халыққа жәрдем көрсетуде.


Қайыртай Нұрғалиев, Прибрежное ауылдық округінің учаскелік инспекторы:

- Біздің міндетіміз – осы ауылда күзету, кеткен адамдардың жабық тұрған үйлерін бәрін қадағалау, ұрлық жасатқызбау.


Ауылдан қайық, тікұшақтармен барлығы бір жарым мыңнан астам адам шығарылды. Елена Богданова, Қызылжар аудандық орталық ауруханасының бөлімше меңгерушісі, елді мекенде қалған 330-ға жуық тұрғынның бірі. Ол 22 науқасты қауіпсіз жерге шығаруға көмектесті, бірақ ол өз еркімен су басқан аймақта қалуды жөн көрді.


Елена Богданова, Прибрежное ауылының тұрғыны, дәрігер:

- Полиция қызметкерлері, құтқарушылар, әскерилер – барлығы көмек көрсетіп жатыр. Олар күндіз-түні жұмыс істеуде. Бізде тыныш, тонау жоқ.


Бүгінде тұрғындар үйлерге орала бастады.