Петропавлдағы Ойқала шағын ауданынан 40-қа жуық көгершін құтқарылып, олардың барлығы иесіне тапсырылды. Жалпы су тасқыны басталғалы шағын ауданнан 200-ден аса ит пен мысық құтқарылған.


Төтенше жағдай кезінде құтқарушылар үй жануарларын да ұмытпай, қауіпсіз аумаққа шығарып жатыр. ТЖД қызметкерлері суда қалған ит-мысықты үйдің шатырынан түсіріп, қайықпен құрғаққа шығарып, волонтерлерге, иелеріне беріп жатыр. Мамандардың айтуынша, қатты ағыс, суық су, 3 метрге дейін жететін тереңдік және суда қоршаулар, ағаш бұталары, темір-терсек сияқты қауіпті заттардың болуы эвакуацияны қиындатады. Осындай операция кезінде бірнеше рет қайық жыртылып, құтқарушылардың өміріне қауіп төнген. Сондықтан да ТЖД қызметкерлері тұрғындарға қайыққа мініп, өз бетінше құтқару жұмысын жүргізу қауіпті екендігін ескертеді.


МАРИНА САМОЙЛЕНКО, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ШТАБЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

- Құтқарушылар күн-түн демей, тасқынмен күресіп, адамдардың өмірін сақтап қалып жатыр. Осы ретте біз жануарларды да назардан тыс қалдырмадық. Мысық, иттерді ғана емес құстарды, оның ішінде тауықтарды, көгершіндердлі де құрғақ жерге шығарып жатырмыз. Бірақ, сайып келгенде, бұл істе құтқарушылардың кәсіби маман болуы аса маңызды.