Петропавлда 12 эвакуациялық пункт жұмыс істейді. Эвапунктерде қазіргі таңда зардап шеккендерге өтемақы алу жайлы түсіндірме жұмыстар жүргізілуде. Бұл жайлы бүгін өткен брифингта қала басшысы Серік Мұхамедиев және Петропавл қаласының прокуроры Тыныбек Сапаров мәлімдеді.


Қазіргі таңда Петропавл тұрғындарынан бірреттік төлем алу үшін өтінім қабылданып жатыр. Көмектің бұл түрі үйі судан зардап шеккендерге беріледі. Бірреттік көмек мөлшері қала тұрғындары үшін 200 АЕК мөлшерінде. Кейін материалдық шығынның орны толтырылмақ.


ТЫНЫБЕК САПАРОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:

- Біз тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік көмекті, өтемақыны қалай алуға болатыны жайлы түсіндірме жұмыстарды эвакуациялық пунктерде жүргізудеміз. Оған қоса әлеуметтік желіні де ұмыт қалтырмадық. Сонымен қатар аудандарға шығып ол жерде кездесулер өткіземіз. Жалпы әлеуметтік төлемдер, өтемақылардың дұрыстығы прокуртура органдарының жіті назарында болады.


Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, қазіргі таңда судың келуі тоқтаған. Сонымен қатар шаһардағы су мәселесі шешілген. Осыған байланысты жақын күндері мектеп оқушылары офлайн режимге көшуі мүмкін.


СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Қазіргі таңда мектеп оқушылары бұрынғы форматқа ауысуы мүмкін. Біз қашықтан білім алуға қалада су мәселесі туындағандықтан көшкен болатынбыз. Себебі бұндай жағдайда білім ордаларында санитария нормалары сақталмайды.


Жалпы СҚО-да қазіргі уақытта 14 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. 44-і бүгінде үйіне қайтты. Мыңнан астам адам эвакопунктте тұрып жатыр. Сондай-ақ қауіпті аймақтан 5 мыңнан астам үй жануарлары шығарылды.