Жетісу облысының тұрғындары су тасқынынан зардап шеккендерге 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Жүктің ішінде азық-түлікпен қатар, тұрмыстық заттар және т.б. керек-жарақ дүниелер бар. Жалпы су тасқыны басталғалы Жетісу өңірінен еліміздің су басқан аймақтарына 190 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілген.


Бұдан бөлек, жұртшылық түрлі қайырымдылық қорларына да жылу жіберген. Көмекті жинауға «AMANAT» облыстық филиалы, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер белсенді қатысты.


Арыстанғали Арын, AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы:

«Бұл гуманитарлық көмек Жетісу жұртшылығынан шын жүректен жіберіліп отыр. Игілікті іске мүмкіндігі шектеулі жандар да белсенді ат салысты. Сондай-ақ, «Ажар» тігін фабрикасы, Қазақстан халқы ассамблеясы, қарапайым адамдар да өз үлестерін қосты. Біз осылай біріккен кезде ғана барлық қиындықты жеңіп шығамыз.


Бұл күні Алматы облысынан «Damu Logistics» компаниялар тобы 45 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде бұқтырылған өнімдер, тұрмыстық химия, тамақ, балалар тағамы, су және басқа тауарлар бар.


Арман Шаймергенов, «Damu Logistics» компаниялар тобы директорының орынбасары:

«Барлық керек заттарды әкеліп отырмыз. Оның арасында вентиляторлар, үтіктер мен төсек орындар бар. Көмекке мұқтаж жандар ресми беру орындарына келіп ала алады.


Соңғы 2,5 аптада Солтүстік Қазақстан облысына 1300 тоннадан астам гуманитарлық көмек келді. Оның барлығы «Радуга» ЖШС қабылдау орталығында сұрыпталады және ресми тарату орындарына жіберіледі. Оның үшеуі - Петропавлда орналасса, қалғаны - Қызылжар ауданында орын тепкен. Әрбір көмек тарату орталығы су астында қалған жеке ауданға тағайындалады. Беру үшін көше бойындағы аға тұлғалар анықталды, олар қажетті тізімдерді қалыптастырады, соның негізінде зардап шеккен аудандар тұрғындарының ішінен жауапты тұлғалар мұқтаж жандарға тауар таратады.