Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың су басқан аумағын тікұшақпен аралап, кейін тасқын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті. Тұрғындармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты.


Су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр. Комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін тұрғындарға өтемақы төленеді. Ал тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жаңа баспана салынады. Бұл туралы Президент эвакуацияланған тұрғындармен кездесуінде айтты. Сонымен қатар, зардап шеккен тұрғындардың несиесі мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі, - деді Мемлекет басшысы.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет.


Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін атап өтті. Енді Мемлекет басшының тапсырмасына сай Үкімет пен өзге де мемлекеттік органдар біршама уақыт ірі имидждік іс-шаралар өткізбейді.


- Рахмет! Мен осында Заречный кентінің тұрғындарының атынана келдім. Тұрғындарды уақытында әкімдіктің адамдары келіп ескертті. Бір де бір адамды, жануарды қалдырмай эвакуациялады. Енді үй төбесіне дейін суда тұр. Бірақ адам шығынынан аманбыз. Елімізде қайғы-қасірет болмасын. Сізге рахмет!


- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мен осы су апатына түстім. Бірақ сіз келіп жатсыз. Біз сізге сенеміз!


Кейін Мемлекет басшысы Петропавл су торабына барды. Іргетасы 1973 жылы қаланған нысан Есіл өзенінің ағысын реттейді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірдегі су тасқынына өзен мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын судыңкөп мөлшерде келуі себеп болған.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Есіл өзеніндегі мұздың еруі салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, сел жүрді. Бұл инфрақұрылымның істен шығуына және Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуына әкеп соқтырды. Қазір су тасқынына қарсы іс-шараларға 2500 ерікті белсенді қатысып жатыр. 300 тонна гуманитарлық көмек келді.


«ҚАЗСУШАР» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша Сергеев су қоймасындағы су деңгейі төмендеп келеді. Дегенмен қаладағы ту торабындағы су деңгейі әлі жоғары. Енді алдағы 10 күн шешуші болмақ.


- Қазір міне 5 сағат бойы бір дейгейде тұр.

- Алдағы 10 күн шешушщі ғой, иә?

- Осындай апаттан тиісті сараптама, сабақ алуымыз керек.


Прездент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі құтқарушылармен, еріктілер және кәсіпкерлерімен де кездесті. Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының жоғары деңгейде ұйымшылдық танытқанын атап өтіп, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғысын жеткізді.


ДИДАР АЙМҰҚАН, М. ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖДІҢ 3-КУРС СТУДЕНТІ:

- Біз волонтерлар еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін көмектесіп жатырмыз. Эвакуация, қапты құмға толтыру сынды жұмыстарды атқардық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді ғой. Біздің күшіміз бірлікте.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Еріктілерге ризашылығымды білдіремін, Президент ретінде қолдаймын.


Бүгінде облыстың әр ауданында гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашылған. Сондай-ақ, «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінде еріктілердің жедел әрекет ету штабы құрылды. Қазір онда 2500-ден астам волонтер жұмыс істеп жатыр. Жалпы табиғат апаты кезінде бірлік пен ынтымақтың арқасында адам шығынына жол берілмеді.