Қазіргі таңда Петропавлда гуманитарлық көмекті қабылдайтын 4 пункт бар. Бүгін көмекке мұқтаж жандарға қажетті заттар қалалық мәдениет үйі мен Жастар ресурстық орталығында таратылды. Тілші толықтырсын.


Көпбалалы, жалғызбасты аналарды тұрғын үймен қамтамасыз етумен айналысатын“АСАР-UME” қоғамдық қорының өңірдегі белсенділері эвакуациялық орталықтарға гуманитарлық көмек жеткізуды бастады. 10 күн бойы жанашыр жандар тұрғындарға азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттардың барлығын таратып жатыр. Олар бұнымен қоса тасқын судың астында қалған Шал ақын, Есіл аудандарына да арнайы техникалар, қайықтар апарып, құтқарушылардың жұмысын жеңілдеткен. Ендігі волонтерлер Соколовка елді-мекенініне де гуманитарлық көмек жөнелтпек.


ӘНУАР ТОҚПАН, “АСАР-UME” ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ВОЛОНТЕРІ:

- Мына жерде қазір артылып жатқан фурамыз Астана қаласынан келіп тұр. Жергілікті Тайыншадан да, Мағжан Жұмабаев ауданынан да келіп жатыр еріктілер өздері жинап. Міне, жұмыртқа келіп жатыр, азық-түліктер. Нандар, сулар қазір жеткілікті. Қазір ашамыз да, таратамыз барлығын.


Қала тұрғыны Ксения Москалева су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсетіп жүр. Өзі және жомарт жандар әкелген гуманитарлық көмекті - азық-түлік, қиім-кешек басқа да қажетті заттарды мұқтаждарға қалалық мәдениет үйінде үлестіріп жатыр. Айтуынша, бұдан былай адамдардың жеке куәліктерін қарап, су басқан мекенде нақты тұратынына көз жеткізгеннен кейін ғана аталған көмекті көрсетпек.


КСЕНИЯ МОСКАЛЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Біз де халыққа көмек көрсетуге келдік, қажетті заттарды біртіндеп әкеліп жатырмыз. Азық-түлікті өз ақшамызға сатып алдық. Жәрдем етуге ниеттілерден ақша жинастырдық. Кеше үйін су баспағандар да келіп әкеткен. Сондықтан, бүгін ондай жағдай болмас үшін әрқайсысын қадағалап жазып отырмыз. Біз шынымен, көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіргіміз келеді.


Тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсетуден Жастар ресурстық орталығының волонтерлары да қалыс қалған жоқ. Олар таңертеңнен кешке дейін тұрғындарға азық-түлік өнімдерін таратып, үлкен жұмыс атқарып жатыр. Кеше 1000-ға жуық адамға азық-түлік үлестірген.


АҚМАРАЛ ТҰРСЫНОВА, ВОЛОНТЕР:

- Қарапайым адамдар да көмек көрсетіп жатыр. Сұйық май, ең бастысы не қажет, қарақұмық, сондай басқа да заттар, гигиеналық заттар. Соны бір пакетке жинап, кісілерге береміз. Тағы да басқа картоп, пияз сияқты көкөністерді саламыз.


Су тасқынынан зардап шеккендердің қатарында Анна Никода да бар. Оның отбасы қазір шарасыз күйде. Апаттың салдарынан, пәтер жалдап тұрып жатыр.


АННА НИКОДА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Негізі қазір отбасымызда жеті адамбыз. Барлығымыз көшеде қалдық. Бірақ соған қарамастан, қажетті көмек алдық, өте ризамын.


Барлығы 50-ге жуық волонтердан құралған топ күні-түні тыным таппай, халыққа қажетті заттарды жинақтап, таратып жатыр. Оған қоса, Жастар ресурстық орталығының белсенділері Есіл ауданына да гуманитарлық көмек жіберді.