Облыста су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға төленетін біржолғы әлеуметтік көмекке өтініш қабылдау басталды. Петропавлдағы Жастар сарайында Қызылжар ауданының тұрғындарынан өтініштер қабылданып жатыр. Әлеуметтік көмекке ие болу үшін қандай құжаттар керек? Келесі бейнематериалда.


Жастар сарайының алдында ұзын-сонар кезек. Аудан орталығын су басуына байланысты мұнда біржолғы әлеуметтік көмекке өтініштер қабылданып жатыр. Тасқыннан зардап шеккендердің қатарында Татьяна Шанина да бар. Тұрғын Тепличное елді мекенінде жаңадан үй салып жатқан көрінеді. Енді меншік құқығына қатысты құжаттардың болмауы салдарынан, түксіз қалуым мүмкін деп қорқып отыр.


ТАТЬЯНА ШАНИНА, СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН:

- Тепличное елді мекенінде су деңгейі екі жарым метрге дейін көтерілді. Үйден ештеңе қалмады. Бәрін су шайып кетті. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру мүмкін болмас.


Бұл жағдайға қатысты мамандар жауап берді. Біржолғы әлеуметтік көмекті үйін тіркегендер де, тіркеп үлгермегендер де ала алатынын айтты.


ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, «AMANAT» СҚОФ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Қазір Қызылжар ауданының жұмыспен қамту, қала құрылысы бөлімі, «Аманат» партиясының өкілдері, заңгерлер мен еріктілер жұмыс істеп жатыр. Әр жағдай елеп ескерілетін болады. Куәліктің көшірмесін, өтінішті, банк шотының анықтамасын әкелу керек. Осындағы мамандар төтенше жағдай туралы анықтаманы береді.


Айта кеткен жөн, Қызылжар ауданының тұрғындары үшін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері 100 АЕК-ті құрайды. Бұл 360 мың теңгеге жуық қаражат. Ақша өтініш қабылдағаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде есепшотқа түседі.