Облыста су тасқынынан зардап шеккендерге ақпараттық көмек көрсететін арнайы қоғамдық штаб құрылды. Штаб мүшелері Петропавлдағы эвопункттерге барып, тұрғындарға өтемақы алуға байланысты түсіндіріп жатыр. Айта кетейік, Петропавлда қазіргі уақытта 400-ге жуық адам орналасқан 12 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр.


Қоғамдық штабтың құрамында 30-ға жуық депутат, кәсіпкерлер, заң және қаржы саласының мамандары, дін өкілдері және тағы да басқа қоғам белсенділері бар. Олар эвакуациялық пункттерді аралап, зардап шеккен тұрғындармен кездесіп жатыр. Б. Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжінде 46 адам орналасқан. Оның 10-ы бала. Қоғамдық штаб мүшелері тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселені шешу жолдарын түсіндірді.


АНАТОЛИЙ ФУРМАНЮК, Б. ӘШІМОВ АТЫНДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ТЕМІРЖОЛ КӨЛІГІ КОЛЛЕДЖІНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

- Біз 13-сәуір күні таңнан зардап шеккен адамдарды орналастыра бастадық. 16 сағаттың ішінде 40 адамды қабылдадық. Әрине, үйі суда қалған тұрғындарға оңай болып жатқан жоқ. Олармен психологтар, медициналық қызметкерлер жұмыс істеді. Волонтерлар барлық керек-жарақтарды жеткізіп жатыр.


Штаб ақпараттық көмек берумен қатар гуманитарлық көмекті бөлуді және волонтерлік топтардың жұмысын үйлестірумен, су тасқыны салдарымен күресте жүрген белсенділерді анықтаумен, әлеуметтік желілердің мониторингімен де айналысады. 66 жастағы Лидия Цаприлова су басқан Ойқала ауданының тұрғыны. Ол осы эвакуациялық пунктке 13-сәуір күні келген.


ЛИДИЯ ЦАПРИЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Үйімізді су басқан кезде қайда баратынымызды білмедік. Сосын бізді осы эвопунктке орналастырды. Жақсы қарсы алды. 1 бөлмеде 3 адам болып тұрып жатырмыз. Қызметкерлер барлығымызбен жұмыс істеп, көмек көрсетіп, өтемақыға қалай өтініш беру керектігін түсіндірді.


15-сәуірден бастап су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындардан өтемақыға өтініш қабылданып бастады. Петропавлдықтар өтінішті екі жерде тапсыра алады. Біріншісі, қалалық әкімдік ғимараты. Ал, екіншісі Театральный 36 көшесінде орналасқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. Бірреттік төлем алу үшін тұрығндардың жеке куәлігінің көшірмесі мен банктік шот нөмірі қажет. Ал, баспанасының суға кеткенін растайтын құжатты төтенше жағдайлар қызметінен ала алады.