Су тасқыны кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтерген кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы айтты.


Қазір өңірде осыған байланысты профилактикалық жұмыс жүріп жатыр. Сауда үстемесінің мөлшері 15 пайыздан аспауы керек. Әлеуметтік маңызы бар тауар бағасы көтерілген жағдайда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс бес, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Айта кеткен жөн, жыл басынан бері 27 кәсіпкерлік субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 26 бизнес субъектісіне ескерту беріліп, 1 бизнес субъектісі мемлекет бюджетіне әкімшілік айыппұл төледі.


ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерінен асып кету 17 «үйдің жанында» дүкендерінде және сауда желілерінде, 7 көтерме кәсіпорында және 3 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде анықталды. + Су тасқынына дейінгі жағдаймен салыстырғанда тауарлардың құны өскен жағдайда бағаларды белгілеп, дереу Назарбаев көшесі 83 мекенжайы бойынша немесе 8/7152/468133, 460094 телефоны бойынша біздің департаментке хабарласуды, сондай-ақ е-отиниш ақпараттық платформасы мен е-гов порталының құралы бойынша өтініштер жіберуді сұраймыз.