Су тасқынының зардабын азайтуға көмектесу үшін Павлодардан облысқа 55 құтқарушы келді. Өңірге өздерінің арнайы техникаларын ала келген мамандар Петропавлдағы Заречный кентінде тасқын суға қарсы іс-шараларды жүргізіп, адамдарды эвакуациялауға көмектесіп жатыр.


Павлодарлық құтқарушылар өңірге 8-сәуір күні келіп жеткен. Содан бері Есіл өзеніне жақын ораналасқан, су басу қаупі жоғары Заречный кентінде бөгеттерді нығайтып, биктетіп жатыр. Бұл ауданда 224 тұрғын үй бар, 900-ден астам адам тұрады. Осыдан 7 жыл бұрынға су тасқынында мұндағы 132 баспананы су басқан еді.


НАРИМАН МУРСАЛИЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біз Павлодар облысынан барлығы 55 құтқарушы болып келдік. Сондай-ақ, 11 техникамызды ала келдік. Біздің қызметкерлер қаптарды инертті материалдармен толтырып, бөгетті нығайтты. Осыған дейін 4,5 мыңнан астам қап дайындадық.


Сондай-ақ, құтқарушылар тұрғындарды эвакациялауға да көмектесіп жатыр. Солардың бірі - 23 жастағы Ақжол Сағынбай.


АҚЖОЛ САҒЫНБАЙ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ № 1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:

- Біз бүгін полиция қызметкерлерімен бірге үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде қалу қауіпті. Жалпы, мен осы салада жұмыс істеп жүргеніме 5 жыл болды. Алайда бұл - жұмыс барысында басқа өңірге көмек көрсетуге шыққан алғашқы сапарым. Жақсы орналастық, жүктелген міндетті атқарып жатырмыз.


ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Заречный кентінен 239 адамды эвакуациялауға бұйрық берген болатын. Тұрғындар Петропавлдағы №13 мектептегі эвакуациялық пунктке орналастырылып жатыр.