Солтүстік Қазақстан облысында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ҚР чемпионаты басталды. Екі мыңға жуық балуан бағын сынауға келген бәсекеде бірінші болып боз кілемге еркін күрес шеберлері шықты. Чемпионатқа еліміздің барлық аймақтарынан іріктелген 300-ге тарта спортшы қатысып жатыр.


Палуандар бәсекесі Петропавлда 1 сәуір күні басталған болатын. Еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан 11 салмақ дәрежесі бойынша ең мықтылар жиналған. Спорттық додада екінші күн қатарынан 18 бен 20 жас аралығындағы жастар боз кілемде белдесіп жатыр.


Бозкілемде жетісулық еркін күрес шеберлері өздерін жақсы қырларынан көрсетті. 57 және 65 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мықтыбек Үкіметұлы мен Шаттық Алайдар топ жарды.


МЫҚТЫБЕК ҮКІМЕТҰЛЫ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНЫ:

- Қарсыласым мықты болды. Осыған дейін екінші рет кездесіп тұрмыз. Бәрі ойдағыдай өтті. Біраз уақыт дайындалдық. Екі этап сбор өттік. Дайындалып келіп, енді жемісін жеңіп отырмыз.


ШАТТЫҚ АЛАЙДАР, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНЫ:

- Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақстан чемпионатыты қашан да қиын болады. Барлық спортшы дайын келген. Бәрі мықты. Жеңу оңай болған жоқ. Бірінші белдесуден бесіншіге дейін қатты қиын.


Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп жатқан палуандардың осалы жоқ. Небір мықтылар бас қосқан. Алда тағы U15, яғни 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында еркін күрестен белдесулер өтеді. Онда 400-ге тарта спортшы өзара мықтыны анықтайды.


БЕРІК ШАЛАБАЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ ТӨРЕШІ:

- Бүгін U20-тың екінші күнін өткізіп жатырмыз. U20-дан екі күнде 326 адам күресті. Өңірлерден толық команда келді. Бір командаға 20 адам кіргіземіз. Әділ жекпе-жектер болып жатыр. Мықтылар жеңіп жатыр.


Жалпы жастар арасындағы финалдық кезең қорытындысы бойынша Жетісу, Алматы қаласы және Алматы облысы көш бастап тұр.


МАРАТ МҰЗАПАРОВ, ҚР ГРЕК-РИМ, ЕРКІН ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Еркін күрес, грек-рим және әйелдер арасындағы күрес жақсы дамып келе жатыр. Бүгінгі спортшылардың саны 1750-ге жетті. Ол өте қуанышты. Жақында Бішкек қаласында Азия чемпионаты ересектер арасында өтеді. Сонымен қатар онда біздің лицензияға жолдама алған Павлодар күрескерлері қатысады. Соған үлкен жұмыс атқарылып жатыр.


Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ҚР чемпионаты 10 күнге созылады. 5-6 сәуір әйелдер күресі, 7-10 сәуір аралығында грек-рим күресінен жарыс өтеді. Жеңіс тұғырынан көрінген палуандар Әлем біріншілігіне және Азия чемпионатында ел намысын қорғамақ.