Бүгінде облысымызда 200 мыңнан астам спортшы бар. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының 42 пайызын құрап отыр. Сәйкесінше жүлделі орындар қатары да көбейген. Әсіресе конькимен жүгіруден солтүстікқазақстандық спортшылар топ жарып жүр.


Инесса Шумекова Шал ақын ауданының тумасы. Жиырма жастағы бойжеткен жақында Италияда өткен әлем чемпионатына қатысты. 1000 метр қашықтыққа конькимен жүгіруден әлем кубогының екінші кезеңінде үздік атанды. Сондай-ақ 500 метр бойынша да бақ сынап екінші орынды иеленді.


ИНЕССА ШУМЕКОВА, КОНЬКИМЕН ЖҮГІРУ СПОРТЫНАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ:

- Жарысқа дайындық өткен жылдың көктемінде басталды. Ұзақ уақыт тынбай дайындалдық. Жаңа алаңда, жаңа әсер алдым десем де болады. Қатты қобалжыдым. Дегенмен мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктелгендіктен тек жеңіске ұмтылдық.


Конференцияда ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған егіз Алина мен Кристина Шумекова және Мария Кузнецова да марапатталды. Спортшыларды облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы құттықтады. Федерация атынан ақшалай сыйлықтар да табыс етілді.


ОЛЬГА ИХТЕНДРИС, КОНЬКИМЕН ЖҮГІРУ СПОРТЫНАН ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

- Спортшылар әлем кубогына ҚР құрама командасымен дайындалды. Жарыстың іріктеу кезеңі қиын болды. Республика бойынша тек 2 спортшыға жолдама беріледі деді. Бұл мүмкіндікті біздің қыздарымыз жеңіп алды. Осындай әлемдік дейгейдегі чемпионатта жүлделі орынға ие болу оңай емес. Бұл ауыр еңбек пен ұмтылыстың нәтижесі деп білемін. Спортшыларымызды мақтан тұтамын!


Спортшылардың алға қойған мақсаттары айқын. Келер жылы өтетін Азия және олимпиада ойындарына дайындықты бастап кеткен.