Қазақстанның құрметті журналисі, мәдениет қайраткері, Амандық Жантеміровтің туғанына биыл 80 жыл. Қаламы қарымды журналисттің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл тұрмысы жайлы жазған туындылары – өңіріміздің жылнамасы іспеттес. Оның қаламынан туған әрбір талдамалық материал, сыни мақала мен журналистік жазба оқырманның жоғары бағасын алған. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде дарынды тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығын еске алу кеші өтті.
Амандық Жантеміров алғашқы еңбек жолын Жамбыл ауданындағы Жалтырша бастауыш мектебінде мұғалім болып бастаған. Одан кейін Ақбалық сегіз жылдық мектебінде мұғалім, Озерный кеңшарында комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет істеген. 1966 жылы «Ленин туы» облыстық газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасып, бас редактордың орынбасары қызметіне дейінгі жолдан өтті. Облыстық радиода директор, облыстық телеарнада бас редактор қызметін атқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қызылжар орталық мешітінде баспасөз хатшысы болды.
САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
- Амандық Жантеміровтың журналистика саласында ерекшеленіп көрінетін қыры – Кедей сөзі газетінің алғашқы санын Ресейдің кітапханасында жатқанын айғақтаған. Бұл еске алу кеші әр тұлға, әр қаламгер өз естеліктерімен бөлісе отырып, Амандық Жантеміровтың азаматтық қырын танытады.
Қаламы қарымды журналист бұқаралық ақпарат құралдарында үзіліссіз 50 жылдан астам жемісті еңбек етті. Ол қаламыздың өркендеуіне және облыс экономикасының нығаюына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдары туралы да журналистік очерктер, радио, бейне хабарларын жасады.
АМАНТАЙ ЖАНТЕМІРОВ, АМАНДЫҚ ЖАНТЕМІРОВТІҢ ІНІСІ:
- Ол ауыл шаруашылығының қыр-сырын тіпті агрономдардан да жақсы білетін. Телеарнада бұл сала туралы бағдарламалар жасап, шаруашылық жайлы мамандардың өзіне үйрететін. Және ол өте шыншыл адам болды. Сол қасиетімен бәріне сыйлы еді.
Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде талантты журналистің 30-ға жуық жәдігері сақтаулы тұр.