ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысын көру үшін Солтүстік Қазақстан облысына келді. Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында өңірдегі су қоймаларының жай-күйімен танысып, су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізу жұмысына ерекше назар аударды


Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың негізгі су көзі – Есіл өзені үш су қоймасы: Астана, Сергеев және Петропавл су тораптарымен реттеледі. Су тасқыны кезеңінде су қоймасы алгоритмге сәйкес жұмыстың «транзиттік режиміне» ауыстырылады және тасқын сулардың өтуіне әсер етпейді.


ШҰҒАЙЫП ИБАТТУЛИН, «ҚАЗСУШАР» РМК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Есіл өзенінің негізгі реттеушісі Сергеев су қоймасы болып табылады Оның сыйымдылығы 693 млн текше метр .Сергеев су қоймасындағы жиналған судың көлемі 82%-ды құрайды. Осы жылы жалпы 2млрд 400 миллион текше метр су жиналу керек деп отырмыз. Болжам бойынша Есіл өзенінің су деңгейі сәуір айында айтарлықтай жоғарлауы тиіс.


Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасының жағдайын тексерді. Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал ТЖМ су тасқыны ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды.


ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірлерінде су деңгейі көтеріліп, су тасқыны орын алды. Барлық күштер жұмылдырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары — барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақтармен эвакуациялануда. Жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасатын болады. Жағдай қатаң бақылауда. Зардап шеккендерге Үкімет және әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі. 


СҚО жұмыс сапары алдында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірлердің әкімдері мен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің су тасқыны жағдайын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.