Биыл ақын, жазушы, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл. Атаулы датаға орай Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты әдеби кеш өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары мен әдебиеттанушылар қатысты. Тағылымды кеште өмірде де, әдебиетте де белді күрескер болған тұлғаның өнегелі өмірі мен шығармашылығы жас ұрпаққа кеңінен насихатталды.


Сәкен Сейфуллин - «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған алғашқы қазақ жазушысы. Оның туындылары әлемнің көптеген тілінде жарық көрді. Дара тұлғаның өмірі мен шығармашылығының зерттелуінде Тұрсынбек Кәкішевтің үлесі оқ бойы озық тұр дейді, кітапханашы Гүлмира Сағындықова. Оның айтуынша, он шақты кітап шығарған профессор Тұрсынбек Кәкішұлының 1977 жылы жарық көрген «Сәкен сүйген сұлулар» атты кітабында ақынның пенделік сипаты мен азаматтық келбеті кеңінен ашылады.


ГҮЛМИРА САҒЫНДЫҚОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ:

- Ол кісі 20 ғасырдан бастап қазақ поэзиясына жаңа түр, тың шығармалар әкелген. Ол кісінің шығармалары көбіне, табиғатқа және сол кездегі болып жатқан революциялық оқиғаларды баяндаған. Жалпы толықтай Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын зерттеген Тұрсынбек Кәкішев. Ол кісі Сәкен Сейфуллиннің тұлғалық қасиетін өзінің шығармаларын жазып, толықтай кітап арнаған.


Сәкен Сейфуллин ақын, жазушылығымен қатар ғұмырының 20 жылын ағарту ісіне арнады. Оның музыкалық қыры мен композиторлық өнері де көпке таныс. Бүгінгі әдеби кеште халық арасында кең тараған «Тау ішінде» әнінің Сәкен Сейфуллиннің туындысы екендігі жайында нақты дәлел-дәйектер келтірілді. Академик-жазушы Ғабит Мүсірепов те бұл деректі айғақтаған. «Біздің жақта» өлеңі де Анненковтың азап вагонынан қашып шыққан Сәкеннің туған жерге, кең далаға деген сүйіспеншілігі суреттелетін ерекшеМ туынды дейді, журналистер одағының мүшесі, Қайрат Дүйсенбі.


ҚАЙРАТ ДҮЙСЕНБІ, ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Оны жолдастары қашардың алдында наурыз айында қарға көмеді де, сөйтіп шанамен шығарып, бұл қашып шыққан. Содан қашқаннан қашып отырып, өзінің еліне, сонау Жезқазған облысына қарай, Нұр өзенінің бойына жеткен ғой. Сол жақта көп уақыт жүріпті. Сосын шығарған өлеңінің аты – «Біздің жақта» деген өлеңі.


Бүгінде кітапхана қорында Сәкен Сейфуллин туралы 30-дан астам кітап бар. Айта кетейік, биыл қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты 3 бірдей туынды жарық көрмек.