Петропавлдық Алуа халық би ансамблі Ташкентте өткен байқауда топ жарып жүлделі бірінші орын мен Гран-при жеңіп алды. Көптеген мемлекеттен жиналған бәсекелестерінен оқ бойы озып шыққан өнер ұжымы елге оралды. Жеңімпаздарды туыстары мен жақындары вокзалдан сән-салтанатмен күтіп алды.


Би ұжымының құрамында 9-14 жастағы 36 қыз өнер көрсетті. Олар қазақ биі мен өзбек биін тамаша орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Топта 4 жасынан бастап бимен айналысқан жас өнерпаздар да бар. Солардың бірі – Дамелі Бауыржан. Бас жүлде - күнделікті дайындық пен ұстазымыздың қолдауының нәтижесі дейді ол. Бишінің айтуынша, осыған дейін де би тобы түрлі халықаралық, республикалық, жарыстарда үздік өнер көрсетіп, топ жарған.


ДӘМЕЛІ БАУЫРЖАН, «АЛУА» ХАЛЫҚ БИ АНСАМБЛІНІҢ БИШІСІ:

- 1-ші орынды біз қазақ биімен алдық. Ал өзбек биімен біз Гран-при алдық. Біз осы конкурсқа қатысу үшін 2 ай дайындалдық. Ол өте жеңіл болды деп айта алмаймын. Қиындықтар да болды. Және де осы жүлделі орынды жеңіп алғанымызға өте қуаныштымын!


“Таланты spring fest” халықаралық өнер байқауы Өзбекстанның Астанасы Ташкент қаласында 21-23 наурыз аралығында өтті. Оған әр елден жас өнерпаздар қатысты. Қазылар алқасының құрамында хореография, вокал және көркемсөз оқу бойынша танымал ұстаздар болды. Халықаралық жарыcта «Алуа» халық би ансамблі 4 нөмір көрсетіп, бақ сынады.


ЖАННА ТЕМІРБАЕВА, «АЛУА» ХАЛЫҚ БИ АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Байқауға Өзбекстаннан ғана емес, Қазақстан, Бішкектен де би ұжымдары қатысты. Жарыс бәсекеге толы әрі өте тартысты өтті. Бірақ, осының бәрін еңсеріп, жеңіске жеттік. 9-12 жас және 12-14 жастағы қыздардан құралған 2 құрамымыз үздік өнер көрсетті.


Айта кетейік, бүгін «Айналайын» эстрадалық әндер ансамблінің вокалистері де жүлделі орынмен оралды. Бұл байқау Түркістан қаласында өткен.