Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне берген тапсырмасына сәйкес «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы қолға алынған. Аталған жоба аясында Ғабит Мүсірепов атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасында «Балалар кітапханасы және мектеп жетістіктері» атты облыстық семинар өтті. Маңызды жиынға қалалық мектеп және аудандық балалар кітапханасынан 40-қа жуық қызметкер қатысты.


Қазіргі таңда көптеген мектеп және балалар кітапханасының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейді. Бүгінгі семинарда дәл осы мәселе талқыланды. Оған қоса, жас буынның кітап оқуға қызығушылығын оятуда қандай жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану керектігі сөз болды. Осы ретте, кітапты балалардың жас ерекшелігіне қарай таңдау керек дейді «Сенімен болашақ» жобасының жетекшісі Жанат Мұхамеджанов. Ол отбасымен бірге кітап оқу да жасөспірімдердің оқуға деген қызығушылығының артуына әсер ететінін атап өтті.


ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «СЕНІМЕН БОЛАШАҚ» РҚБ СҚО БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Қазір 6 жасар балаға, 10 жасар балаға соның жас ерекшелігіне қарай кітап таңдап беруіміз керек. Сол кезде бала қызықты кітаптарды оқи бастайды. Мысалы, Абай жолы 8-10 жасар балаға өте ауыр келеді. Және дже оны оқығаннан кейін бала екінші рет кітап оқуға зауқы соқпайды. Өзінің жасына қарай қызықты, суреті мол, кішкентай балаларға сондай кітаптарды алып берсек.


Семинарға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Солардың бірі - №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің кітапхана меңгерушісі Бахыт Қалижарова. Бұл салаға 20 жылын арнаған ол шет тілінің мұғалімі болып та қызмет атқарған. Оның айтуынша, баланы кітап оқуға баулудың бір жолы - осы бағытта түрлі қызықты челлендждер ұйымдастыру.


БАҚЫТ ҚАЛИЖАРОВА, №17 ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУ ОРТА МЕКТЕП-КЕШЕНІНІҢ КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:

- Әрқашан да семинарларға, осындай шеберлік сағаттарға қатысамын. Өйткені, білім алу үшін, өзімді жан-жақты дамыту үшін. Яғни балаларды кітапқа қызықтырудың қандай жолдар бар?

Көбінесе, челлендждер қолданамын ата-анамен қатысты. Балаларға челлендж беремін. Онлайн жұмыстар, виртуалдық көрме жасаймыз. Немесе ойындар ұйымдастырамыз.


Жиында жастарды кітап оқуға тарту, патриоттық, тәрбиелік бағыттағы кітаптарды насихаттаудың озық тәжірибелері бойынша маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар үшін тренинг, іскер ойындар ұйымдастырылды.