23 наурыз – Наурызнамаға сәйкес Тазару күні болды. Осыған орай облыстағы үйлердің ауласын қардан тазарту акциясы өтіп жатыр. Бұл жұмысқа барлығы 15-ке тарта волонтер жұмылдырылды.


Бұл экологиялық науқан облыста әр апта сайын жүргізіледі. Еріктілер жұдырықтай жұмылып, көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп жатыр. Олар күніне шамамен 4 жеке үйге барып, ауласын қардан тазартады. Бұл жолы еріктілер 50-ге тарта отбасыға азық-түлік таратып, әлеуметтік көмек көрсетпек.


ДАМИР АБДИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 Акция барысында жалғызілікті зейнеткерлеріміздің үйінің маңайын қардан тазартып жатырмыз. Сондай-ақ бүгін бізде «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Акция барысында аз қамтылған және көп балалы отбасыларды барлық қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етеміз.


Қардың қалың түсуіне байланысты зейнеткердің ауласы биыл қарға толған. Оны өздігінен тазартуға олардың шамасы келмейді. Еріктілер Жұмысшы кентінде орналасқан жеке үйде тұратын 69 жастағы зейнеткердің баспанасына бас сұғып, біраз істің басын қайырды. Бірлескен жұмыстан кейін үйілген қардың ізі қалмады, ал үй иесі риза болды.


НАРИМАН ТОҚСАНБАЕВ, ВОЛОНТЕР:

Наурызнаманың соңғы күні – Тазару күні. Соған орай біз тазару іс- шараларын өткізіп жатырмыз. Бүгін біз жалғызбасты қартқа көмек ретінде қар тазалап жатырмыз. Ауласын қардан тазартып жатырмыз. Бүгін тек бір адресс. Және бүгін бізде азық-түлік жеткізу іс-шаралары болады.


Жыл басынан бері волонтерлер 700-ден астам тұрғынға қол ұшын беріп, аулаларын тазартқан. Оның 125-і - Петропавлдағы үйлер. Еріктілердің бұл бастамасын қазіргі таңда белсенді жастар да іліп әкетті. Айта кетейік, бұл акция наурыз айының аяғына дейін жалғасады.