Өңірде қардың қалыңдығын өлшеу жұмыстары жүргізіліп,қардың сумен қанығу деңгейі анықталды. Мамандардың айтуынша, биыл қардың сумен қанығуы өткен жылдармен салыстырғанда 1,5- 2 есеге жоғары. Жалпы, метеорологтар қар қалыңдығын өлшеу жұмыстарын қалай жүргізеді? Бұл туралы келесі бейнематериалда.


Қардың қалыңдығын өлшеу жұмысы дәнді және майлы дақылға арналған алқапта өтті. Мамандар алдымен сызғыштың көмегімен қардың қалыңдығын өлшеді. Қалыңдық шамамен 49-52 см. Бұдан кейін тығыздығы өлшенді.


ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ , «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Бұл жердегі тығыздықты анықтау үшін массаны 10Н-ға бөлу керек. Яғни, бұл сәйкесінше 109/490. Нәтижесінде 0,22 шығады. Мұнда мұздың қыртысы, суға қаныққан қардың қабаты жоқ. Астында да қар суы жоқ. Жалпы, қардың тығыздығы г/сантиметр кубпен өлшенсе, ал қар жамылғысындағы су қоры миллиметрмен өлшенеді.


Күнбағыс алқабындағы қардың сумен қанығу деңгейі 109 миллиметрді құрады. Ал, бидай алқабындағы қардың қалыңдығы төмен, бірақ тығыздығы жоғары. Сондықтан, мұндағы көрсеткіш 136 миллиметр болды. Жалпы, қар өлшеу жұмыстары көктемгі су тасқыны кезінде қажетті болжам жасауға мүмкіндік береді.


ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ , «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Қардың сумен қанығу деңгейінің жоғары болуының да өзіндік пайдасы бар. Егер көктем жылы болса, қар түнде қатып, күндіз ериді. Солайша, судың қоры көп жиналады. Егер жердің бетінде мұз болмаса, еріген су жерге жақсы сіңеді. Соның арқасында, егіс алқаптары алғалды болады.


Мамандардың айтуынша, биыл қардың сумен қанығу деңгейі көпжылдық көрсеткіштермен салыстырғанда 1,5- 2 есеге жоғары.