Аққайың ауданы, Дайындық ауылы биыл Ұлыстың Ұлы күнін ерекше қарсы алды. Жергілікті кәсіпкер Біржан Шәймерденовтің қолдауымен ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Мейрамды тамашалап қайтқан тілшіміз жалғастырсын.


300-ден астам тұрғыны бар Дайындық ауылы биыл да Әз-Наурызды ерекше қарсы алды. Ұлыстың ұлы күніне орай кәсіпкер Біржан Шәймерденовтың жетекшілігімен мерекелік іс-шара ұйымдастырылған. Оған алыс-жақындағы елді-мекен тұрғындары да қатысты. Ақ батамен басталған той, ауылдағы білім ордасының ғимаратында жалғасын тапты. Тұрғындар өз ішінен үш ауылға бөлініп, тағамға толы дастархан жайған. Бұл келген жылды молшылықпен қарсы алайық деген түсінік. Жиналғандар арасында өз өнерлерін көрсетіп, көпті сүйсіндіргендер де табылды.


ТАЛҒАТ РАМАЗАНОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

- Енді сол ауылдар өздерінің арасында конкурс жүргізеді. + Біздің ауылда мынау Оңтүстіктен келген, Моңғолиядан келгендер, олар өздерінің ұмыт болған салт-дәстүрлерін көрсетіп жатыр. Ескі ойындары мен өлеңдерін. Мерекелік концерт өтеді. Көп көрші ауылдардан келгендер бар. осы жерде мінекей 500-дей халық жиналды.


Бүгінде ауылдағы негізгі мектепте 70-тен астам бала білім алады. Оқушылар облыстық, республикалық байқауларға, жарыстарға қатысып өңір намысын қорғап жүр. Әсіресе жастардың спортқа деген ұмтылысы қуантады. Бәрі дерлік ұлттық ойынның түр-түрін меңгерген.


 Ауыл тұрғындарының басты мақсаты ұлттық спорт түрін жастар арасында кеңінен тарату. Ортада ер-азаматтар арқан тартысты. Қой көтеріп, білек күшін сынады. Бұдан бөлек аулада жастар алтыбақан тепті. Ал қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жеңіске жеткендерге сыйлықтар үлестірілді. Кейін мерекелік іс-шара мәдениет үйінде жалғасты. Сахнада күмбірлеген күй ойнап, ән де шырқалып жатты. Тұрғындар ең үздік ұлттық киім, салт-дәстүрді көпшілік назарына ұсынды. Тұсау кесер, құда түсу, сырға салу, бесікке бөлеу рәсімдері көрсетілді.


 Кейін ауыл тұрғындары ашық аспан астындағы концерттік бағдарламаны тамашалады. Сахнада Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері өнер көрсетті. Бұл да жергілікті кәсіпкер Біржан Шәймерденовтың тұрғындарға тартуы.


БІРЖАН ШӘЙМЕРДЕНОВ, «ДАЙЫНДЫҚ-АГРО» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Биылғы өтіп жатқан наурызымыз жылдағыдан ерекше. Оның себебі болып отырған ауылымызға көптеген отбасылар көшіп келді. Бәрімен ақылдасып, үш жақтан қосып, бір қорытындыға келіп осы наурызды ерекше қылып өткізіп отырмыз. Ауылдың биылғы өтіп жатқан наурызы өте маңызды. Қызықты болып жатыр. Енді бәріңізді келген наурызбен құттықтаймын!  Ағымыз бол болсын! Егініміз жақсы болсын! Халық соның қызығын көре берсін!


Биыл Дайындық ауылына – 95 жыл. Елді мекен өңірдегі үлгілі ауылдардың қатарында. Ауызбіршілігі мығым, тірлігі келісті. Осыдан отыз жыл бұрын 28 ауласы ғана болған ауылда, бүгінде 80-нен астам отбасы түтін түтетіп отыр. 150-ге жуық бала бар. «Дайындық-Агро» серіктестіктің қолдауымен мектептен бөлек, сауда орталығы, бірнеше қойма мен үйлер де тұрғызды. Сондай-ақ, ауылда май зауыты да салынып жатыр. Келер жылы тағы 10 үй бой көтермек.