Петропавлдағы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамында құқық қорғау құрылымдары арасында ұйымдастырылған спартакиаданың екінші турі өтті. Волейболдан өткен жарысқа бірнеше команда қатысты.


Петропавлдағы «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы спартакиадасының екінші турі өтті. Құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері волейбол алаңында мықтыны анықтады.


Ерлан Қабдуәлиев, СҚО ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бөлім бастығы:

- Жалпы есепте жарысқа барлығы он бір команда қатысты. Оның төртеуі аудандық полиция бөлімдері: олар Айыртау, Аққайың, Тимирязев және Мағжан Жұмабаев аудандары. Бұл жарыстың негізгі мақсаты – командалық спортты дамыту және өзара мықтыларды анықтау.


Жарыстың басында жақсы нәтиже көрсеткен облыстық полиция және ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің командалары өздерін жеңіске негізгі үміткерлер ретінде көрсетті. Алайда, полицейлер ұпай саны жағынан жеңіліс тауып, жарыстан шығып қалды. Осылайша бірінші орынға Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің командасы ие болды. Екінші орын ҚР Ұлттық ұланы академиясына бұйырды. Үшінші орынға жақсы ойын өрнегін көрсетіп, барын салған Аққайың ауданының командасы тұрақтады.


Жалғас Мұқашев, Аққайың ауданы ПБ қызметкері, команда капитаны:

- Ойын тартысты өтті. Нәтижеге ризамыз. Бұған дейін жиі жаттығып, дайындалдық. Аққайың ауданының полиция бөлімі жарыста жақсы өнер көрсетіп, үшінші орынға ие болдық.


 «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Туғанбаев погондағы спортшыларға кубоктар мен бағалы сыйлықтар тарту етті. Спартакиаданың үшінші түрі – атыс қаруынан оқ ату сәуір айында өтеді.