Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – су тасқыны. Көктем жақындаған сайын тұрғындарда үрей басым. Оған себеп, өңірде 90-ға жуық елдімекенді су басу қаупі бар. Су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті шаралар атқарылып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ерік Сарыбаев кеңінен тарқатып айтты.
Көктемгі су тасқыны кезеңінің басталуына аз ғана уақыт қалды. Көпжылдық мониторингке сәйкес, қазірдің өзінде 87 елді-мекен қауіпті аймақта тұр және олар ерекше бақылауға алынды. Оның ішінде 30 ауылға өзен суы деңгейіннің көтеруіне байланысты қауіп төнсе, 43 елді-мекенді көктемде еріген қардың салдарынан су басуы ықтимал. Мұндай оқиғаның алдын алу мақсатында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп, қауіп 175 елді мекен үшін барынша азайтылды.
Ерік Сарыбаев, СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
Бұл дегеніміз 131 шақырымды құрайтын жер үйінділерін жасау, 7.5 шақырымды құрайтын қорғау дамбыларын тұрғызу. Сонымен қатар өздеріңіз білетіндей, көп жағдайда дер кезінде тиісті көлемде жолдардағы орналасқан су өткелдері мен құбырлардың суды өткізе алмауынан деңгейі көтеріліп, елді-мекендерге сонымен қатар жолдарға қауіп төніп жататын. Осының алдын алу мақсатында 97 су өткізу қосымша құбырларын орнаттық. 16 тюбинг орнаттық, сонымен қатар 58.9 шақырымды құрайтын жаңбыр және ерінді суларды ағызып кететін дренаждық жүйелерді жасадық.
Биыл аймақтың елді мекендерінен 700 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Оған қоса, су өткізу құбырлары мен арықтарды тазарту жүргізіліп жатыр. Көктемгі су тасқыны қаупіне орай 242 эвакуациялық пункт дайындалды.
ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Департаменттің күш пен құралдарына тоқталатын болсақ, 10 өтімділігі жоғары вахтовка автокөліктері, сонымен қатар 6 жол талғамайтын, кез келген жерде жүретін көліктеріміз бар. Сондай-ақ 7 жүзу құралы мен 78 мотопомпа дайын. Қазіргі таңда департаментпен 8 бағытта біз күш пен құралдарды жөнелту бойынша алдын ала жоспар дайындадық. Атап айтатын болсақ, қазіргі таңда қар өте мол түскен аудандарды алып отырмыз.
Облыстық бюджеттен «КазАвиаСпас» АҚ тікұшақтарын су тасқыны кезінде пайдалануға 130 млн теңге бөлінді. Былтыр заманауи ұшақсыз ұшу аппараты сатып алынды, оның көмегімен күнделікті мониторинг жасалып, қажет болған жағдайда іздеу жұмыстарына қолданылады. Айта кетейік, 24 қаңтардан бастап жалпы облыстық азаматтық қорғау жүйесі күшейтілген жұмыс кестесіне көшті.