Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Петропавлдың Жұмысшы кентіндегі Щорса көшесінің тұрғындарымен кездесті. Мақсат- адамдарға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, өрт шығу және су басу қаупінің алдын алу.


Биыл өңірге көп мөлшерде қар жауды. Мамандардың айтуынша, бұдан келетін қауіп жоғары. Осы орайда, тұрғындар да өздеріне қойылған бірқатар міндетті атқаруы тиіс. Алдағы уақытта жеке тұрғын үй секторларынан қар шығару бойынша кесте құрылады.


НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:

-Су басу қаупіНІҢ алдын алу үшін тұрғындар үйлерінің аумағынан қарды далаға шығаруы керек. Бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдармен де жұмыс атқарылады. Көшелерден қарды ауыр техникамен алып кетеді. Бұл техникалар үй аумағына кіре алмайды. Сондықтан адамдар қарды көшеге шығарып қоюы тиіс. Сондай-ақ, үй алдындағы су құбырларында тазалауы керек.


 Су тасқынының алдын алу іс шаралары Жұмысшы кентімен қатар Заречный кентінде де өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, кездесу барысында тұрғындарға өртен сақтану жолдары да кеңінен айтылды. Себебі, биыл Петропавлда 16 өрт фактісі тіркелген. Салдарынан 2 адам қайтыс болып, 2-еуі жарақат алған. Өрттің көпшілігі жеке тұрғын үй секторларында шығады екен.


-  Бізде өрт шығу қаупі жоқ. Себебі, барлық ережелерді сақтаймыз. Ауламызды тазалап, қарды сыртқа шығарып қоямыз.

-  Қарды өзіміз күрейміз. Үйдің жанына жинап қоямыз.  Пешті уақытында таңертең және кешке 2 рет жағамыз. Барлық правиланы сақтаймыз.


Осындай қауіптің алдын алуға арналған іс-шаралар 15 наурызға дейін жалғасатын болады.