Петропавл тұрғыны Тимур Кенжібаевтің негізгі мамандығы - экономист. Бірнеше жыл банкте директор болып қызмет еткен. Ал қазір темір бұйымдармен қатар, түрлі арт-композициялар жасайды. Бұдан бөлек шеберханасында балаларға арнап шеберлік сабағын өткізеді. Бүгінде Тимур Кенжібаев 50-ге жуық туындының авторы.


Ең үлкен бақыт - сүйікті ісіңмен айналысу. Бұл дәнекерлеуші Тимур Кенжібаевтің өмірлік ұстанымы. Оның қолынан шыққан бұйымдар көліктің жарамсыз бөлшектерінен, гайка, болттар секілді құралдар мен ескі газ және өрт сөндіруге арналған баллондардан дайындалған. Жоқтан бар жасайтын шебер бұл іспен бірнеше жыдан бері айналысып келеді.


 ТИМУР КЕНЖІБАЕВ, ШЕБЕР:

- Шеберханамды осыдан 3 жыл бұрын ашқанмын. Бұл менің сүйікті ісім. Жазда жұмыс көп. Ал қыста бос уақыт шығып жатады. Соны пайдаланып, шабытыма ерік беремін. Түрлі композиция жасаймын. Бір маусымда шеберхана темір бұйымға толып қалады. Сондықтан арт орталықпен келісіп, көрме де өткіздік. Тұрғындар жиі қызығушылық танытып жатады. қоңырау щалып, сатуымды да өтінеді.


Сүйікті хоббиін табысты кәсіпке айналдырған Тимур Кенжібаевтың арт-композицияларын тамашалау, жасалу жолымен танысу балаларға да қызық. «Школа героев» балалар клубы Петропавлдағы ерекше мамандық иелерімен жақынырақ танысып жүр. Жетекшілерінің айтуынша бұл іс балалар арасындағы оқу-білімге, еңбекке деген қызығушылықты арттырады.


 АНАСТАСИЯ ДЮБА, «ШКОЛА ГЕРОЕВ» БАЛАЛАР КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бізде осындай кездесулер жиі өткізіледі. Бұған дейін өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлерімен кездескенбіз. Бүгін оқушыларды қаламыздағы танымал дәнекерлеушіге алып келдік. Қызықты экскурсия өтіп жатыр. Балалар да қуанышты.


Биыл шебер алдына үлкен мақсат қойған. «Улыбка» қайырымдылық қорымен келісіп, сәуір айында қайырымдылық аукционын өткізбек.