Биыл 1-наурыздан бастап елімізде өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталады. Жобаның негізгі мақсаты - жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және аймақтарды дамыту ісіне жастарды тарту. Іріктеу жұмысын әр облыс пен маңызы бар қалалардың кадр комиссиясы жүзеге асырады. Жалпы, өңірлік резервте болу мерзімі - 2 жыл
Іріктеуге 35 жасқа дейінгі жоғары білімі бар және еңбек өтілі 3 жылдан кем емес Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Конкурстан өткен адамдардың аты-жөні комиссия шешімін шығарғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде жарияланады. Тізімді интернет-ресурстардан және онлайн-платформалардан қарауға болады. Айта кетейік, азаматтар өз құжаттарын 1-31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz - жоба сайтына тапсыра алады.
ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Іріктеу келесі бағыттар аясында жүзеге асырылатын болады. Олар: индустрия-өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешен және жер қатынастары. Бұл салалық бағыттары мен резервшілердің нақты санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, Өңірлік кадр комиссиялары айқындайды.