Биыл жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл. Ел өнерін ұлықтаған ерді оқырманы естен шығарған емес. Облыстық кітапханада жерлесіміздің мерейтойына орай, «Қара сөздің майталманы» атты әдеби кеш өтті. Жиында баяндамалар оқылып, қатысушылар жазушының өмірі мен шығармашылығын еске алды.


 Сәкен Жүнісов қазіргі Уәлиханов ауданының орталығы Саумалкөлде туып өскен. Қазақстанның Халық жазушысы драматург ретінде де танымал. Ол 17 пьесаның авторы. Сондай-ақ, оқырмандарға жазушының «Ақан сері» туындысы жақсы таныс. Романда он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы көшпенді қазақтың өмірі мен әдет-ғұрпы, тұрмысы суреттелген. Бұдан бөлек «Жапандағы жалғыз үй», «Аманай мен Заманай» атты романдары да бар.


ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТ:

-  Өте өнерлі, жан-жақты кісі ол. Оның өнерін біздің Ғабит Мүсірепов ағамыз жоғары бағалап, оны ««Сәкен сері» - деп, айтайық!» - деп айтқан.  Шығармашылығын алдымен өлеңнен бастаған. Бірнеше өлең кітаптары шыққан, одан кейін прозаға алмасқан. 


 Жазушы шығармаларының халыққа, соның ішінде жастарға берері мол. Сондықтан әдеби кеште студенттер қарасы қалың болды. Тіпті арасынан баяндама оқып, замандастарын білім мен ғылымға, жазушы шығармаларын оқуға шақырғандары да табылды.


ҰЛДАНАЙ НИЕТБАЕВА, СТУДЕНТ:

-  Осы баяндамада біз шығармаларымен, жан-жақты ақындығымен, драматургиялық жағын да қарастыратын боламыз.  Танымдық-ақпараттық іс-шараларға біздің қатысқанымыз өте жақсы. Өйткені ақын-жазушылармен танысамыз және таным көкжиегімен кеңейеді. Үйде бос жатпай, осындай тегін пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырамыз бір-бірімізбен. 


 Әдеби кешке өңірдің зиялы қауымы, жазушылар мен журналистер, студенттер шақыртылған. Қатысушылар Сәкен Жүнісов жайлы тың деректермен танысып қана қоймай, бар ғұмырынан сыр шертетін «Дарынды жазушы» атты кітаптар көрмесін де тамашалады.