Петропавлда күн сайын қала көшелеріне 18 бағыт БОЙЫНША жүретін 185 қоғамдық көлік шығады. Олардың 35 пайызы ескірген. Келер жылы автобустардың барлығы дерлік жаңартылмақ. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамадиев брифингте айтты. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін тындырылған бірқатар шаруаны жіпке тізіп, келесі жылы орындалуы тиіс негізгі істерге тоқталды.
2021 жылы автобус паркінің 51 пайызы жаңартылған еді. Яғни, 100 жаңа қоғамдық көлік сатып алынған. Ал, биыл «Kyzylzhar buses» серіктестігі тағы 10 көлік алып, автобус паркі 65 пайызға жаңаланды. Сонымен қатар, осы жылы мамыр айында қоқыс тарифі көтерілді. Бірақ, қала әкімінің айтуынша, тұрмыстық қалдық – әлі күнге шешімін таппаған өткір мәселе күйінде қалып отыр.
СЕРІК МҰХАМАДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Біз бұл мәселені шешу үшін өз жағымыздан да әрекет етіп жатырмыз. Жыл соңыңа дейін қоқыс шығаратын 5 көлік аламыз.Және биыл 100 еуроконтейнер сатып алынды. Тағы 50-і жеткізіледі.
Сондай-ақ, Петропавлда сумен жабдықтау желілерін жақсарту бойынша да бірқатар іс атқарылған. Жалпы, «Қызылжар су» серіктестігінің балансындағы су құбыры желілерінің ұзындығы – 334,394 километрді құрайды. Оның шамамен 58 пайызы ескірген . Ал, кәріз желілерінің ұзындығы – 257,79 болса, оның- 61 пайыздан астамы тозған.
СЕРІК МҰХАМАДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- 9 қарашада техногендік төтенше жағдай жарияланды. Сол кезде Д800 құбырының 700 метрін ауыстырдық. Қазіргі таңда 5 су құбырын және 4 коллекторды жөндеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.
Құрылыс та қарқын алған, тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар да бой көтеріп жатыр. Мәселен келесі жылы «Береке» және «Жас өркен» ықшам аудандарында балабақша салынбақ.