Аққайың ауданының Смирнов елді-мекенінде тәртіп сақшылары арасында қазақтың ұлттық ат спорты көкпар тартудан алғаш рет жарыс өтті. Бұл іс-шара 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды. Мәре көкпар бойынша саптық бөліністің жеке құрамының 2 батальоны сынға түсіп, білек күші мен ат құлағында ойнайтын шеберлігін ортаға салды. Көкпар тартуға барлығы 10 қызметкер қатысты.


Көкпар - ертеден келе жатқан және осы уақытқа дейін сақталған түркі халықтарына ортақ ұлттық ойын. Қазақтың бүкіл бітім-болмысы, мінез-қалпы осы ойында жатыр. Ұлттық спорт түрлерінің арасында ер жігітті асқан төзімділікке, ептілікке шыңдайтын бірегей спорт түрі - осы көкпар. Өкінішке орай, көкпар ойыны облысымызда кенже қалып отыр - дейді бүгінгі жарысты ұйымдастырушылар. Сондықтан да өңірде ұлттық спорт түрін дамыту, ат спортын қайта жандандыру мақсатында көкпар өткізді.


 ТИМУР БАТИШЕВ, СҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Өзіміз де полиция қызметкері ретінде, басшы ретінде айтамын. Өзіміз де ауылдан өсіп шыққан азаматпыз. Ауылда бала кезімізде ат баптадық, бәйге шаптық. Жалпы атқа өте жақын болып өстік. Сол себепті де ат спортына деген өзіміздің үлесіміз өте жақсы, ықыласымыз өте жақсы. Осы спорттың дамуына үлес қосуға әрқашан да дайынбыз.


 Бұл жолғы тартысты ойында шабандоздар емес, 2 командаға бөлінген тәртіп сақшылары бақ сынасып, білек күші мен тақымының мықтылығын көрсетіп бақты. Бүгінгі дүбірлі дода сонысымен де ерек. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын, аттың басын ұршықша иірген қызметкерлердің арасында аудан, облыс көлемінде көкпар тартудан жүлделі орынға ие болған қатысушылар да бар. Солардың бірі - Әсет Тілеулин. Ол көкпармен 2010 жылдан бастап айналысып келеді.


 ӘСЕТ ТІЛЕУЛИН, СҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАТАЛЬОН КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ат - ердің қанаты, дейді. Бізде оңтүстік сияқты емес, қазір қыста аттарды жемдейді, жазға дайындайды. Көктемде сосын аттарын баптай бастайды, бәйгеге, көкпар шабуға баптайды. Қазір мына жерде жаңа үйретіп, мініп жатқан құландар бар. Қазір енді ұсақ аттарды оларды жемдеп, бордақылап, баптайды. Оңтүстік ауа-райымен ұтады. Бізде үш-ақ ай жаз, сол кезде ойнаймыз, күн ысып кеткенде ойнамаймыз. Қыста бір жарым ай аттарын баптап, олар жаз бойы шабады.


Сонымен қатар көкпар - аттың қалай бапталып үйретілгенін де сынайтын спорт түрі. Көкпарға қатысушы шабандоз, қанша мықты болғанымен, астындағы сәйгүлігі бабында болмаса, жақсы нәтиже көрсете алмасы анық. Сондықтан кез келген көкпаршының төл аты болуы, ойынға бейімделуі аса маңызды. Жүйрікті шынықтырып, баптаушы адам оның табиғатын, бітімін, жай-жапсарын жақсы білу керек. Сонымен қатар жылқының жілік майын толтырып, таза бидай мен тұнық сумен суарылған жасыл жоңышқаның көгін ғана беріп, атты суыту керек -дейді жарысқа қатысушы, Қобылан Құсайынов. Ол көкпарға қосатын атын қырық күн мінбей, баптаған.


ҚОБЫЛАН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ат баптау кезінде, бірінші, атты семіртеміз, жілік майын толтыртамыз. Сосын бірақ ақырындап, аяңдатып жүреміз, атты баптап. Сосын бірақ ақырын-ақырын шабыс қосып, 40 күндей дайындаймыз, сосын бірақ көкпарға қосамыз.


Ат құлағында ойнаған жігіттердің көкпары ұлттың спортымыздың енді бір түрі аударыспаққа ұласты. Төреші жарысқа қатысушылардың ереже бұзбауын қадағалады. Нәтижесінде саптық бөліністің жеке құрамының 2-ші батальонын үздік деп тапты. Сайыстың көрігін қыздырған командаларға марапат мен сыйлықтар табысталды.


Толғанай Бейсенбаева