Облыста ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру мақсатында жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен Айыртау ауданы «Агро Елецкое» серіктестігінде 5 жарым млрд теңгеге үлкен көкөніс қоймасы бой көтермек. Қазір жоба құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
«Агро Елецкое» ЖШС-нің көкөніс қоймасында 35 мың тонна өнім сақтауға болады. Шаруашылықта тамшылатып суару жүйесі де қолға алынды. Жобаға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Мамандардың айтуынша тамшылатып суару жүйесі 2 жарым мың гектар жерді қамтиды деп жоспарланған.
БАЙТАС ҚАЗБЕКОВ, «АГРО ЕЛЕЦКОЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
- Біз бұл жобаны өткен жылы қолға алғанбыз. Қазір 400 гектар жер тамшылатып суарылады. Бәрі өз кезегімен жүзеге асып жатыр. Ал көкөніс сақтайтын қойманың құрылысы басталған, қабырғалары тұрғызылды. Дегенмен ауа-райына байланысты жұмыс тоқтап қалды. Қазір шаруашылықта бидай, күнбағыс өсіреміз. 2025 жылы картоп, 2026 жылы сәбіз өсіруді қолға алу жоспарда бар. Бәрін зерттеп, нақты жоспармен іске кірісеміз.
Жаңа кәсіпорынның ашылуымен елді мекенде жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Ауыл шаруашылығы Айыртау ауданының басқа да елді-мекендерінде қарқынды дамып келеді. Бастысы осыған дейін өзекті болған мәселелер өз шешімін тапқан. Мәселен, Кирилловка ауылының тұрғындарын пай мәселесі бірнеше жыл бойы әуре еткен еді. Биыл сәуір айында елді-мекенге «North Grain» атты жаңа компания келіп, жағдай өзгерді.
ҚАЛИМА ЖАНАЛИНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
- Биыл пай уақытылы берілді. Ал осыған дейін бұл үлкен мәселе болатын. Жаңа компанияның келуі едәуір өзгеріс алып келді. Басшылық әлеуметтік мәселелерді үнемі назарда ұстайды.
Кирилловка ауылындағы қазіргі тұрғындар саны 700-ге жуық, оның 400-інің пайы бар.
ЕРБОЛАТ КӘЛЕНОВ, «NORTH GRAIN» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
- Мұнда 10 сәуірде келдік. Техникаларды жаңартып, бірден жұмысқа кірісіп кеттік. 2000 тонна тұқымды 100 пайызға жаңарттық. Алқап 15 мың шақырымнан астам жерді алып жатыр. Ауа-райының қолайсыз болғанына қарамастан, нәтиже жаман емес. Сапаны сақтап қалуға тырыстық. Қазір компанияда 130 адам жұмыс істеп жатыр.
Серіктестік директорының сөзінше барлық пай иелерімен келесімшартқа қол қойылған. Тұрғындар пайларындағы әр гектар үшін 60 кг астық алады. Бірақ олардың басым бөлігі қазір пайды ақшалай алуды жөн көреді.