Петропавлда мектепке балта және пышақпен қаруланып келген балаға қатысты сот үкімі шықты. Істі алқа билер қарады. Қылмысқа барған 15 жасар бала 6 жыл 9 айға сотталды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзету мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


 Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың ақпан айында Петропавлдағы № 4-ші орта мектептің 9-шы сынып оқушысы білім беру мекемесіне балта және пышақ ала келген. Кейін ол 2-ші қабаттағы әжетханаға барып бетіне маска тағып, дәлізге шыққан. Сөйтіп алдынан шыққан 10-шы сыныпта оқитын қыз бен ұлға және 9-шы сынып оқушысына шабуылдаған. Жарақат алған оқушылар бірден ауруханаға жеткізіліп, екеуі жансақтау бөлімінде жатып шықты


ӘБДІҚАҺАР ЕРКЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

- Қылмыс жасаған Давид Джакиладзеге сыныптастарының өзіне деген қарым-қатынасы ұнамаған.Олардан кек алу мақсатында, «Хелоуин убивает» атты киноның бас киіпкерінікіндей маска жасап, мектепке алып барған. Осы кейіпкердің іс-әрекетін өзіне үлгі тұта отырып, мектеп оқушыларын қорқытқысы келген.


 Оқиға кезінде мектепте ойран салған Давид Джакиладзені өзге балалар тоқтатып, полицейлерге табыстаған. Сол кезде оның психиатриялық диспансерде есепте тұрғандығы айтылған болатын. Алайда, кейін сараптама тағайындалып, оның ақыл-есі дұрыс екендігі анықталды.


ӘБДІҚАҺАР ЕРКЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

- Сот Давид Джакиладзені кінәлі деп танып, 6 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзету колониясында өтейді. Сонымен қатар сотталушыдан екі жәбірленушіге 1,5 млн және 3 млн теңге моральдік өтемақы өтелсін.


 Айта кетейік, қылмыс жасаған уақытта Давид Джакиладзе 14 жаста болған. Ол тергеу изоляторында 15 жасқа толды.