Ұлттық валютамыз – теңгенің 30 жылдық мерейтойына орай ҚР-ның Ұлттық банкінің облыстық филиалында салтанатты іс-шара өтті. Жиынға қаржы саласында қызмет еткен еңбек ардагерлері мен банк қызметкерлері қатысты. Қаржыгерлер облыс және қала әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.
15 қараша – ұлттық валюта, әрі қаржыгерлер күні. Биыл төл теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толып отыр. Осыған орай өңірдің қаржы саласында еңбек етіп жүрген мамандарын облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев мерекемен құттықтады.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бүгінгі таңда облыстың банк жүйесі жалпы экономика сияқты оң нәтижемен дамуда. Өңірдің банк секторының екінші деңгейдегі банктердің 11 филиалы және оның 43 құрылымдық бөлімшелері ұсынылады. Несиеге салымдардың көлемі 303 млрд теңгеге жетті. Өсімі – 22,7 пайыз.
1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, теңге ресми айналымға енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы сағат 8:00-де басталып, 20 қараша күні 20:00-де аяқталған еді.
ДИАС МЭЛС, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫ:
- Өткен 30 жыл ішінде Қазақстанның банк секторында үлкен өзгерістер болды. Халықаралық стандарттарға сәйкес банк жүйесін реформалау жүйесі іске асты. Қазақстандық банктердің қысқаруы мен іріленуі орын алды. Жаңа банк технологиялары қолданысқа енді. Банк қызметінің көлемі мен кәсіби банк маркетингі бірнеше есе өсті.
Салтанатты іс-шараға қаржы саласының 100-ге тарта маманы қатысты. Қонақтар қатарында Ұлттық банктің жергілікті филиалында қызмет еткен 6 еңбек ардагері де бар. Күлзия Тастанбекова 1993 жылдың тамыз айында алғаш осында жұмысқа орналасқан. Қаржы саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек еткен.
КҮЛЗИЯ ТАСТАНБЕКОВА, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:
- Мен осы Ұлттық банктің СҚО филиалында сол теңге енгіілген күні де жұмыс істедім. Экономист болып. Содан кейін әр түрлі сатыдан өтіп 2016 жылы бас бугалтер қызметінде еңбек демалысына шықтым. Барлық қызметкерлерді, қаржы саласының мамандарын бүгінгі мерекелерімен құттықтаймын!
Жиын барысында қаржыгерлер облыс және қала әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.