Жақында Түркияда 8-нші халықаралық “Күзгі Ыстанбұл” фестивалінің аясында хореографиялық Би байқауы өтті. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Греция, Әзірбайжан, Қазақстан елдерінен келген өнерпаздар қатысып, 3 аталым бойынша бақ сынасты. Өңіріміздің талантты жастарынан құралған Тұмар би ансамблі олардың арасынан суырылып шығып, қос бірдей Гран-приді жеңіп алды. Сонымен қатар 1 орынға ие болды.
Тұмар би ансамблі – үнемі шығармашылық ізденісте жүретін ұжым. Ансамбль тек облысымызда ғана өнер көрсетіп қоймай, түрлі деңгейдегі фестивальдер мен байқауларды қалт жібермей, қатысуға тырысады. Халықаралық фестиваль байқауда би ансамблінің мүшелері қазақ халқының басынан кешкен қиыншылықтар мен небір зұлматты бейнелейтін модерн стиліндегі «Қазақ елі» атты халық биі мен «Қызыл оқ» атты заманауи биді орындап, қос бірдей Гран-при жеңіп алды. Жалпы, бұл сайысқа олар 3 нөмір ұсынған.
АҚЕРКЕ МҰСАЛИМОВА, «ТҰМАР» БИ АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Біз қатысқан сайысқа Қазақстанның өзге қалаларынан да өнерпаздар келді. Қазылар алқасының қатарында Туркияның халық әртістері. Хореография академиясының педагогтері болды. Хореографиялық байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Би ұжымы Астана, Алматы, Шымкент және өзге қалаларда өткен байқауларда да жеңімпаз атанып, жүлдемен оралған. 2 қараша күні Түркияда болған сайысқа олар 1 ай көлемінде тыңғылықты дайындалды. Соның нәтижесінде мың бұралған өңір бишілері жоғары деңгейде өнер көрсетті. Олардың басым көпшілігі бимен 5-6 жылдан бері айналысады.
АДЕЛЬ ҚАИРБЕКОВА, БИШІ:
Сол сайысқа біз үш би апардық. Сол үш бидің екеуінен Гран-при ұтып алдық. Ал біреуінен бірінші орын ұтып алдық. Осы бірінші орын алған биіміз ол «Шаттық» биі. Ал Гран-при алған би бұл модерн стиліндегі қазақша би.
Бүгінде Тұмар би ансамблінің құрамында 80-ге жуық қыз бар. Солардың ішінен кіл мықты іріктеліп, Хареографиялық би байқауында 20-сы өнер көрсетті. Енді олар сәуір айында өтетін қорытынды концертке дайындалмақ.
Толғанай Бейсенбаева