Петропавлда мұғалімдерге арналған облыстық семинар өтті. Берері мол іс-шараның тақырыбы - «Сапа мәдениетін қалыптастыру негіздері». Семинар диалогтық алаң форматында өрбіді. Сондай-ақ, Смағұл Сәдуәқасов атындағы № 2 мектептің мұғалімдері өз жобаларын келген тыңдармандарға тынстырды. Ата-ана және балалармен дұрыс жұмыс істеу мәселесі де сөз болды.


 Озық тәжірибе – ортақ қазына. Смағұл Сәдуәқасов атындағы № 2 мектепте өтіп жатқан семинардың мақсаты- тиімді оқыту тәжірибесін қолдану, өзара тәжірибе алмасу, сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы білім теңсіздігін төмендету.


 АЛМА МҰРЗАЛИНОВА, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

-  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы тамыз айынан бастап қазірге дейін біліктілікті артыруға арналған курстарды белсенді түрде жүргізді. Мемлекеттік тапсырмада мектеп басшылары мен орынбасарларына арналған курс бар. Білім ордасының басшылары үшін балалармен, ата-аналармен жұмыс істей білу өте маңызды. Балалардың жарқын болашағы – мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты.


 Семинарға облыстың әр ауданынан келген 25 мұғалім қатысты. Олардың назарына Смағұл Сәдуәқасов атындағы № 2 мектептің мұғалімдері өз жобаларын ұсынды. Салтанат Омарова таныстырған жобаның тақырыбы – «киім үлгісінде ақындардың өлең жолдарын қолданып, оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру». Аталған жұмыс қалалық жобалар сайысында 3-ші орынға ие болған екен.


САЛТАНАТ ОМАРОВА, С.СӘДУАҚАСОВ АТЫНДАҒЫ № 2 МЕКТЕПТІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:

- Мынау ересек балаларға арналған футболка. Мағжан Жұмабаевтің өлеңіндегі сөздерді жаздық. Ересектерге 2 футболка шығарып, 2 өлеңін бөліп жаздық. Ал, мынау екінші кішкентай балаларға арналған футболка. Мұнда жыл мезгілдері мен апта күндерін жаздық. Біздің ойымызша, балалар жазуы қазақ тілінде жазылған киімдерді кисе, қызығушылығы артады.


Біліктілікті арттыру семинарлары ұстаздар үшін ай сайын ұйымдастырылып келеді.