Петропавлда 8-11 сынып оқушылары арасында Хакатон сайысы басталды. Бұл іс-шара Оқушылар сарайының бес жылдық мерейтойына және цифрландыру күніне арналған. Балалар 24 сағат ішінде берілген тапсырманы орындап шығулары қажет. Жеңген командаға ақшалай сыйақы бар.
Бүгін Оқушылар сарайында ойы озық, білімі жүйрік жас буындардың арасында хакатон сайысы бастау алды. Білгірлер додасында 100-ге жуық қатысушы немесе 50-ге тарта команда бақ сынамақ. Айта кетейік, аталмыш шара Оқушылар сарайының 5 жылдық мерейтойының қарсаңында ұйымдастырылуда.
АЗАТ ЖӘКЕНОВ, Оқушылар сарайындағы IT бөлімнің меңгерушісі:
- Жалпы, сайыстың мақсаты - балаларды болашақта өздерінің бизнес жобаларын жазуға дағдыландыру. Қатысушылардың арасында IT саласына деген қызығушылығы бар балалар жоқ емес. Хакатон солардың таланты мен ой-қабілетін дамытуға ықпал етеді. Жалпы, аталмыш сайыстың өңірімізде өткізіліп келе жатқанына көп болған жоқ. Алдағы уақытта қатысушылардың саны өседі деген сенімдемін.
Хакатон жарысына қатысып жатқандар - 8-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі ұл-қыздар. Қуат Ғаббасов - Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі. Өткен жылғы дәл осындай жарысқа қатысқан оқушылары үштікке кіріп, жүлделі 2-ші орынды иеленген екен.
ҚУАТ ҒАББАСОВ, М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі:
- Біз жыл сайын осы конкурсқа қатысамыз. Бүгін таңғы 9-дан тіркелу жұмыстары басталды. 10 кезінде арнайы тасырмалар беріледі. Ол тапсырманы қатысушы балалар 24 сағаттың ішінде жоба ретінде даярлап шығырулары керек. Балалар бұл конкурсқа өздері де, мұғалімдердің де көмегімен дайындалды. Оқушылар сарайына келіп үйірмелерге қатысты.
Қуат Ғаббасов бұл сайысқа 10-11 сыныптан 4 оқушы алып келіпті. Білім күшін сынап, мектебінің намысын қорғайтын - Алан Нысанбаев.
АЛАН НЫСАНБАЕВ, М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:
- Мен бұл сайысқа бірінші рет қатысып жатырмын. Әзірге, қандай тапсырма болатынын білмеймін. Мен өз мұғаліміммен бірге дайындалдым. Өзім 11-ші сыныпты ақтағаннан кейін AITU университетіне информациялық қауіпсіздік мамандығына түскім келеді.
Ұл-қыздар білімдерін сынауға сақадай сай отыр. Оларға барлық мүмкіндік беріліп, жағдайлары жасалған. Кез келген уақытта су ішіп, тамақтануға рұқсат. Ең бастысы, берілген уақыттың ішінде жобаларын дайындап, әділ қазыларға таныстырулары керек. Жеңген командаға ақшалай сыйлық табыс етіледі.