Петропавлда Мәдениет үйінің директорына, ішкі аудит департаментінің заңгеріне және бюджеттік қаражатты жымқырған ЖШС-і басшысына, сондай-ақ пара берген жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды. Алғашқы үшеуі бюджет қаражатын ұрлап, мемлекетке 7 млн теңгеден астам шығын келтірді деген айып тағылған еді. Ал жеке кәсіпкер мәдениет үйінің директорына орындалған жұмыс актісіне қол қойғаны және сахналық қойылымдарды безендіру бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасағаны үшін 454 мың теңге көлемінде пара берген.


 Сот үкіміне сәйкес, Мәдениет үйінің директоры 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Қызметкердің асырауында кәмелетке толмаған бір және үш жас баланың болуына байланысты сот жазаны орындауды 5 жыл мерзімге кейінге қалдырды. Ішкі аудит департаментінің заңгері 4 жылға, ЖШС басшысы 3 жылға сотталды. Ал, пара берген жеке кәсіпкерге параның 25 еселенген сомасына тең - 11 350 000 теңге айыппұл салынды. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.