Кезекті жеңіс, кезекті қуаныш. Жергілікті «Қуанамын» би ансамблі Алматыда өткен халықаралық байқауда 3 бірдей жүлдені қанжығаға байлады. Өңір бишілері алғаш рет Супер Гран-приді жеңіп алды. Сондай-ақ, Гран-при мен бірге1 орынға ие болды.


Әдеттегідей әуежайдың іші лық толы. Қарсы алушылар - жеңіспен оралған қыздардың ата-аналары және тума-туыстары. Қолдарыңа шоқ гүлдері мен тәтті-дәмдісін ұстаған жандар жеңімпаз сұлуларды әсем әуенмен күтіп алды.


«Гүлденген қызғалдақтар» халықаралық би байқауы Алматы қаласында өтті. «Қуанамын» би ансамблі бұл сайысқа 3 нөмір ұсынып, бір емес 3 бірдей жүлде еншілеп келді. Жергілікті ансамбл өз тарихында алғаш рет «Әгугәй» биімен Супер Гран-при жеңіп алды. Ал, «Ай-пари» биімен Гран-Приға ие болса, «әсем әуен» биімен 1-орынды қанжығаға байлады.


АЛИНА УШАКОВА, «Қуанамын» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

- Біз ұсынған бағдарлама қазақ ұлттық билерінен құралды. Жалпы, біздің мақсатымыз-қазақ билерін дамыту. Және бұл біздің қолымыздан келіп жатыр. «Қуанамын» би ансамблі қатысатын байқауларды мұқият таңдаймыз. Коммерциялық байқауларға көп қатыса бермейміз. Кәсіби сайыстарға қатысуды жөн көреміз. Себебі, онда дамуға, өз-өзімізді шыңдауға мүмкіндік көп. «Гүлденген қызғалдақтар» байқауы да бізге үлкен тәжірибе болды.


Дильнара Нұржан 3 жасынан бері бимен айналысады. Бұрымды байқауда 2 биде өнер көрсеткен. Жалпы бишілер бұл сайысқа 2 ай дайындалған екен.


ДИЛЬНАРА НҰРЖАН, , «Қуанамын» би ансамблінің бишісі:

Жарыс жоғарғы деңгейде өтті деп ойлаймын. Әгугәй, ай-пари және әсем әуен билерін апардық. О бастан өзімізге жеңісті мақсат етіп қойдық. Бірақ, Супер гран-при иеленеміз деп ойламадық. Қарсыластарымыз мықты болды.


 Жалпы, «Қуанамын» би ансамблінің құрылғана 20 жылдан астам уақыт болған. Бүгінде құрамда 100-ден аса қыз бар. Бишілердің алға қойған мақсаты көп. Енді қорытынды концертке дайындалмақ. Дәстүрлі кеш маусым айының соңында өтеді.