Өңірге іс-сапармен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров есілдік диқандармен де кездесті. Жұмыс сапары барысында Айдарбек Сейпілұлы «Рустикус» серіктестігінде болып, шаруалардың толғандырған сауалдарына жауап берді. Егін егіп ерлеген, тынымсыз танапта терлеген диқандардың бар қалауы - тауар құнының жоғары болуы. Мұны Айдарбек Сапаров жақсы біледі. Жақында шаруалар күткен жаңалық жария етілмек.


Өңірімізге жасаған жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров есілдік дихандармен де кездесті. Ведомство басшысы ат аялдатқан алқап «Рустикус» серіктестігіне тиесілі. Аталған агроқұрылым биыл 3600 гектарға дән сепкен. Бүгінге дейін танаптағы жалпы өнімнің 90 пайызы жиналыпты.


АБАЙ НҰРСЕЙІТОВ, «Рустикус» ЖШС агрономы:

-  Дәнді дақылдардың әр гектарынан 20 центнерден өнім алып жатырмыз. Ал майлы дақылдардың орташа шығымдылығы - 12 центнер. Әрине, биыл көрсеткіш төмен. Бірақ, көңіл түсіруге негіз жоқ. Биылғы жағдайда егін өсіріп, осындай көлемде астық жинаудың өзі - ерлік.


Егін егіп ерлеген, тынымсыз танапта терлеген диқандардың ендігі бар қалауы - тауар құнының жоғары болуы. Кәсіпкерлерді түсінуге болады. Астықтың түрі мен сапасына қарай көңілге қонымды баға белгіленсе, мұрыннан шаншыла жүгірген жерлестердің еңбегі ақталады. Мұны Айдарбек Сапаров бес саусақтай біледі. Жақында шаруалар күткен жаңалық жария етілмек.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

-  Мен тағайындалғаннан кейін жауапты жандарды жиып, 15 күннің ішінде баға белгілеуді тапсырдым. Содан 10 күн өтті. Жақында жауапты жария етеміз. Қазір жан-жақтан ақпарат алып, талдау жұмысын жүргізіп жатқан жайымыз бар. Баға орташадан жоғары болады.


Қазақстан әлемдегі ең ірі астық экспорттаушы елдің бірі екені белгілі. Осы орайда «Биылғы ауа райына байланысты республика нарықтағы өз орнын жоғалтып алмай ма?» деген сұрақ туындайды. Ауыл шаруашылығы министрінің сөзінше, бұған алаңдауға негіз жоқ. Ішкі нарықты толық қамтамасыз ететін еліміз сыртқы нарықты ұмыт қалдырмайды.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

-  Ішкі нарық 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Бұлай сенімді айта аламыз. Экспорт міндетті түрде болады. Бірақ, көлемі шамалап азаяды. Былтыр 9 млн тоннадай сатсақ, биыл шамамен 6 млн тонна шекара асады.


Кездесуде астық сапасы жайлы әңгіме қозғалды. Министрдің сөзінше, биыл мал ұстайтын жандар ұтылмайды. Олар сатуға жарамаған өнімді тұяқтыларға береді. Сәйкесінше, сүт пен ет арқылы босаған қалтаға қайта қаржы салады. Сондықтан, мал шаруашылығын қатар алып жүрген абзал.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

- Мал ұстайтын шаруалардың саны әлі де аз. Бұған қарқын қосу керек. Сосын, ауылдарға көңіл бөлуге шақырамын. Сіздер жұмыс ұсынсаңыздар тұрғындардың тұрмысы түзеледі.


Тілдесу барысында дихандар субсидия жайлы сұрады. Мемлекеттік көмек жоспарға сәйкес төленеді. Биыл көлемі жоғары болмақ. Кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қосымша 40 млрд теңгеге тарта қаржыға өтінім берілгенін айтты.