Петропавлда жаңа мұз сарайы ашылды. Спорт кешені «Жас Өркен» шағын ауданында орналасқан. Осы жылдың қаңтар айында құрылысы басталған нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған. Кешенде мұз айдыны, жүзу бассейні және ойын залы бар. 


«Жас Өркен» шағын ауданындағы үш қабатты кешенде спортшыларға барлық жағдай жасалған. Мұнда жанкүйерлерге арналған 150 орын бар. Сондай-ақ, стандартты өлшемдегі хоккей алаңы мен бес жолақты 25 метрлік жүзу бассейні және командалық ойындарға арналған әмбебап спорт залы орналасқан. Ашылу салтанатына облыс әкімі қатысып, жаңа спорттық нысанның маңыздылығын атап өтті.


СНХР: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ


Жаңа бассейн 2026 жылдың қаңтарында іске қосылады. Мұнда бастапқы дайындық топтары мен су добынан секциялар ашылады. Заманауи спорт базасының құрылуы спортпен айналысатындар санын арттырып, жаттығу сапасын жақсартады. Кешеннің ашылу салтанатына жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин қатысып, бұл нысанның өңір спорты үшін маңыздылығын атап өтті.


СНХР: ДМИТРИЙ БАЛАНДИН, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ


Кешеннің ашылу салтанатында спортшылар арасында шағын шеберлік сабағы да өтті. Онда мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру және шайбалы хоккей бойынша көрсетілімдер ұйымдастырылды. Іс-шара аясында биыл ашылған «Құлагер» ХК балалар академиясы мен Омбы қаласынан келген Ресейдің «Авангард» балалар хоккей академиясы арасында жолдастық матч өтті. Ойын басталар алдында облыс әкімі шайбаны символикалық түрде ортаға тастап, матчтың ресми басталуына белгі берді.


Жалпы спорт нысанының ауданы 6425 шаршы метрді құрайды. Ашылу салтанатына спорт саласының өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары, сондай-ақ спортшылар мен бапкерлер қатысты. Айта кетсек өңірімізде тек 2025 жылы 40 жаңа нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде Петровкадағы хоккей алаңы, Мамлюткадағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, спорт алаңдары мен шағын-футбол алаңдары бар. «Қарасай» стадионының екінші қайта жаңарту кезеңі аяқталып, UEFA стандартына сай болып, еуропалық деңгейдегі матчтарды қабылдауға дайын.