С.Мұқанов атындағы қазақ сазды -драма театрына биыл 25 жыл. Осыған орай өнер ордасында «Сахнамен сырласқан 25 жыл» атты мерейтойлық концерт өтті. Мерекелік кешке театр қайраткерлері, өнертанушылар, мәдениет саласының өкілдері және осы театрдың қалыптасуына үлес қосқан майталман актерлер қатысты. 


Шығармашылық кеш театр ішінде құрылған өнер топтарының қойылымдарымен ашылды. Кеш барысында тарихи кадрлар арқылы театрдың алғашқы қадамдары, оның қалай құрылғаны, алғашқы репертуары мен алғашқы труппаның тағылымды жолы көрсетілді. Сондай-ақ, театр ашылған кезеңде қызмет еткен актерлер арнайы қойылыммен сахна төріне шақырылып, көрерменге ерекше құрметпен таныстырылды.


Театрдың алғашқы күндерінен бастап іргетасын қалаған, сол уақыттан бері сахна тарихымен біте қайнасқан актерлер мерейтойға арнайы келіп, өткен жылдарды еске алды. Олар өздері сомдаған рөлдер жайлы, театрдың алғашқы тынысы, шығармашылық ізденіс кезеңдері туралы жүрекжарды әңгімелерімен бөлісті.


СНХР: ЖҰМАТАЙ ОСПАНҰЛЫ «JETISÝ» ОБЛЫСТЫҚ ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ


СНХР: ҚУАНДЫҚ ЖҮНІС, АКТЁР


Кеш барысында «Шабыт» және «Сенситив» би театры өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік концерттің көркін аша түсті. Сондай-ақ, қойылымдар арасында комедиялық сәттер де көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Театр қайраткерлері мен сахна саңлақтары көрерменмен жылы естеліктерімен бөлісіп, ширек ғасырлық шығармашылық жолды тағы бір мәрте көз алдынан өткізді.


Өнер ордасының 25 жылдығы тек мерейтой емес, театрдың қалыптасу жолына, әртістердің жанкешті еңбегіне, мәдениетіміздің өркендеуіне арналған үлкен құрмет болды.