Жыл басынан бері мас күйде қоғамдық орында болғаны және ішімдік ішкені үшін 5 мың хаттама толтырылған. Күндіз шақыртулардың басым бөлігі ұсақ құқықбұзушылықтарға қатысты болса, түнде жағдай мүлде басқа. Бақылаудағы басты нысандар -ойын сауық орталықтары.


Түнгі кезекшілікке тергеу-жедел топтарынан бөлек патрульдік полицейлер, учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, ювеналды полицейлер және жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері түседі. Бақылаудағы негізгі нысандар – ойын-сауық орындары және олардың маңы, себебі мас жанжалдар көп жағдайда төбелеске ұласады. Полицияның міндеті – оқиғаның алдын алу және «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету.


Сенбі кешінде ювеналды полицейлер дәмханалардың бірінде 17 жастағы екі қызды анықтады. Олардың ата-аналарына хаттамалар толтырылды, ал мекеме иесіне қатысты әкімшілік материал жиналуда. Түн ортасында Назарбаев көшесінде азаматқа дене жарақаты салынғаны туралы хабар түсті. Автопатруль 23 жастағы күдіктіні жедел ұстап, тергеу басталды. 01:20 шамасында Исмаилов көшесіндегі ойын-сауық орны маңында мас күйде болған, қоғамға агрессивті мінез көрсеткен 42 жастағы тұрғын ұсталды. Қоғамдық орында алкоголь ішкені үшін хаттама толтырылды. Полицейлерге қатысты айтқан сөздері бойынша процессуалдық тексеріс жүргізілуде.


Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Жұмалиевтің айтуынша, қоғамдық қауіпсіздік тәулік бойғы жедел әрекетке негізделеді. Полиция әрбір шақыртуды өңдеп, көмек көрсетіп, құқықбұзушыларды жауапкершілікке тартады. Алкогольге салыну түнгі оқиғалардың негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Жыл басынан бері облыс орталығында мас күйде қоғамдық орында болу немесе спирттік ішімдік ішу фактілері бойынша 5 мыңнан астам хаттама толтырылған. Полицияның тәулік бойғы қызметі жалғасуда.