Еркін күрестен қазақ балуандары арасынан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанның құрметіне жерлестері автошеру ұйымдастырды.
Жанкүйерлер спортшыға осылайша құрмет көрсетті. Автошеруге 100-ге тарта көлік қатысты. Балуанның туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылы. Ата-анасы аталған елді мекенде тұрады, отбасында бес бала бар. Ризабектің өзі Алматы қаласында жаттығады. Ол Қазақстан чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, жастар арасындағы Әлем чемпионатының және ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Спортшыны бала кезден әкесі Қанат Жолдасбай жаттықтырып келеді.
ГҮЛЯР ЖОЛДАСБАЕВА, РИЗАБЕКТІҢ АНАСЫ:
Ризабек жастайынан сабаққа ынтасы зор болды. Бірақ спортқа деген тіпті ойында болған жоқ. Әкесі Ризабекті жастайынан күреске баулып, Чемпион қыламын деп, осындай мақсаттарды қылған. Әкесімен бірге жаттығу істеп, спорт мектебіне бірге барып, бірге жұмыс жасап, сосын спорт мектебіне барасың ба дегенде, балам қарсы болған жоқ.
Ел абыройын асқақтатқан споршты ертең туған жерге оралады. Стамбулдан шыққан ұшақ Алматы қаласының әуежайына қонады. Бірер күннен кейін Ризабек жаттықтырушысымен бірге туған ауылына келмек. Жерлестері спортшыны қарсы алуға дайындықты бастап кеткенін айтты.
АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ИЕГЕРІ, РИЗАБЕКТІҢ АУЫЛДАСЫ:
Ризабекті мен бала кезінен танимын, әкесі бұрын бізді дайындаған. Әкесі оны Дағыстанға апарды, Америкаға апарды, сборларға. Мықты мінезі де бар. Бала кезден мақсат қойып, сол олимпиада жеңімпазы болады деп ойлаймын.