Өңір полицейлерінің мүмкіндігі арта түседі. Келесі айдан бастап жол сақшыларының қолданысына борттық аппараттық-бағдарламалық кешен беріледі. Оның тиімділігі неде? Сюжетке зер салайық.


Жергілікті жол сақшыларының мүмкіндігі артады. Алдағы қазан айында солтүстікқазақстандық полицейлердің қолданысына борттық аппараттық-бағдарламалық кешен беріледі. Қызметтік көліктің төбесіне қойылатын заман игілігі мамандардың жұмысын біраз жеңілдетеді. Ең бастысы, жолдағы түрлі бұзушылықтардың алдын алуға септеседі. Бұл жайлы журналистерге өңірдің бас полицейі Айдын Қабдұлдинов айтты.


АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

-  Кешен көлік құралдарын 360 груста суретке және видеоға түсіреді. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін таниды. Іздеу мәліметтері базасы бойынша объектілерді автоматты түрде тексереді. Кейін ақпарды инспекторға жолдайды. Патрульдік көліктің салонындағы жағдайды видеоға түсіреді, жазып алады. Жол-көлік оқиғасы болған жерден онлайн-көрсетілім де жүргізуге қауқарлы.


Бұл - кешен мүмкіндігінің бір бөлігі ғана. Яғни, қондырғы бұдан өзге де жаңашылдықтарға ие. Брифингіде Айдын Қабдұлдинов өңір аумағында тіркелген жол-көлік оқиғалары жайлы да баяндады. Артта қалған 8 ай ішінде облыста 225 апат болыпты. Салдарынан 28 адам көз жұмған, 327 адам жарақат алған.


АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

-  Республикалық маңызға ие жолдарда 53 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, 17 адам қайтыс болды. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде ажал құшқандардың саны 11-ді құрағанын айта кету керек. Статистикаға сүйенсек, ішімдік ішкен тұлғалардың кесірінен 15 оқиға болғанын көреміз. Салдарынан 4 адам ажал құшты.


Полицейлер мас жүргізушілерге қарсы шараларды жиі жүргізеді. Соның нәтижесінде биыл өңірімізде 763 адам тоқтатылып, әкімшілік жауапқа тартылған.