«Шахмат керуені» Петропавлға келді. Жабаның басты мақсаты – еліміздің барлық аймақтарында интлеллектуалдық спорт түрін дамыту. Шара барысында Солтүстік Қазақстан облыстық шахмат федерациясының тұсауы кесіліп, турнир ұйымастырылды. Облыстық сайыстың жеңімпазы Түркістан қаласында өтетін гранд-финалға жолдама алды.


 Қызылжарлықтар «Шахмат керуенін» әдемі концертпен қарсы алды. Керуеннің идеясына саудамен қатар түрлі халықтардың мәдени және спорттық мұрасын таратқан Ұлы Жібек жолы түрткі болды дейді ұйымдастырушылар. Өңірлік шахмат федерациясының тізгіні облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановқа тапсырылды.


РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Керуен Көкшетау қаласында басталды. Эстафетаны біз жалғап отырмыз. Солтүстік Қазақстанда 5 мың адам шахматпен айналысады. Оның 3500-і ауыл тұрғындары. Жастардың осы спортпен шұғылдануына жағдай жасауымыз керек. Бүгін ашылып отырған федерацияның басты мақсаты да осы.


Орталық алаңда киіз үй тігіліп, Жылдам шахматтан турнир ұйымдастырылды. 20 ойыншы бағы мен бабын сынға салды. Сайысқа қатысушылардың ең жасы – Ерлан Жақсыбаев. Жасөспірім намысты қолдан бермеуге тырысып бақты.


ЕРЛАН ЖАҚСЫБАЕВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ:

Кішкентай кезімнен бастап мен әкеммен бірге ойнағанмын. Қазір менде 2-ші разрая. «Умка» клубына барамын.


 Үш жеңімпаз 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін кездесуде облыс намысын қорғайды. Солардың бірі Александр Вьюниченко. Бас жүлдеге 5 млн теңгенің сыйлығы тігіліп отыр.


АЛЕКСАНДР ВЬЮНИЧЕНКО, 1 ОРЫН ИЕГЕРІ:

-  «Шахмат керуенінің» келуі – Петропавл қаласы үшін үлкен жаңалық. Бұған дейін спорттың бұл түріне осынша жағдай жасалған жоқ деп ойлаймын. «Фридом финанстың» қолдауы зор екені сезіліп тұр. Түркістанда кіл мықтылар кездеседі. Намысты қолдан бермеуге тырысамыз.


 Бұдан кейін Керуен Қостанай, Қарағанды қалаларына аттанады. 30 адамнан құралған топ бір айда 14 мың шақырымды еңсермек. «Шахмат керуені» 10 қарашаға дейін еліміздің барлық өңірлерін аралап шығады.